$517.45 €598.59 ₽6.58
×

Қазақстанда мүлкін жария еткендер саны күрт өскен

AstanaTV
28.01.2016ж. 20:00
1612
Қазақстанда мүлкін жария еткендер саны күрт өскен

Қазақстанда мүлкін жария еткендер саны күрт өскен. Бұған тиісті заңда қарастырылған жеңілдіктер де өз әсерін тигізген сыңайлы. Небәрі бір айдың ішінде 54 млрд теңге көлеңкелі айналымнан алынған. Оған дейін екі жыл бойы барлығы 81 млрд теңге заңдастырылған еді.

Айта кетейік, қазір миллиондар бұрынғыдай банктерде 5 жыл жатпайды. Ақшаны тиісті органдарда тіркеп, 10 пайыз көлемінде салық төлесе болды. Кейін қожайыны ол соманы қай жерде жаратса да өз еркі. Тіпті шет елде де. Еске салсақ, әу баста "байлардың көлеңкелі ақшасы экономикаға қызмет етеді. Заңдастырылған қаражат отандық банктерге салынады, тек 5 жылдан кейін ғана ала алады" делінген еді. Алайда, бұған ешкім құлық танытпаған соң, заңға өзгеріс енгізілді. Ол желтоқсан айында күшіне енген болатын.

Ерлан Сағынаев, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басқарма төрағасының орынбасары:

Егер ол ескі заң бойынша бұған дейін банкпен 5 жыл сақтауға келісімшарт жасасқан болса, қазір банктер бар талапты қайта қарады. Кез келген уақытта барып ақшасын алуға құқылы. Қаражатты Қазақстан аумағына әкелмей-ақ, шет елдегі қаражатты тіркеуге болды. Тек декларация тапсырып, сол сомадан 10 пайыз салық төлейді.

Ал екі жыл ішінде ел аумағында 452 млрд теңгенің мүлкі тіркелген, ал шет елде тіркелген мүлік сома 1 млрд. Ақшалай 135 млрд теңге заңдастырылды. Мүліктердің 80 пайызы зәулім үйлер көрінеді. Олар Араб Әмірліктерінде, Испания, Венгрия, Ресей мен Өзбекстан аумағында орналасқан. Шет елдегі мүлкін 39 отандасымыз жария етсе, Қазақстанда 79 мың адамнан өтініш түскен. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ