Астанадағы
«Абу-Даби Плаза» құрылысынан шыққан өрттің нақты себебі анықталып жатыр. Сенбі
күні аталмыш кешеннен өрт шығып, 150-ге жуық құрылысшы шұғыл эвакуацияланған
еді.
Төтенше қызметтің мәліметіне
қарағанда, жалын ғимараттың 11 мен 25-ші қабаттары аралығын түгел шарпыған. Әзірге оттың
тұтануына жылытқыштан кеткен ақау себеп деген болжам бар. Қазір оны анықтауға
апат орнында арнайы өрт лабораториясы жасақталып отыр. Тілсіз жауды 70 адам
мен 27 техника бірлігі 5 сағат дегенде әрең ауыздықтаған.
Руслан
Иманқұлов, ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі:
Өрт
сөндіру бөлімшелері сағат 8:25-те өртті оқшаулады және 10:44-те сөндірді. Нақты
қалыптасқан оқиғаға баға беру үшін, ТЖК-нің «ҚазАвиақұтқару» еврокоптер тікұшағы
жұмылдырылған болатын. Зардап шеккендер жоқ. Және қирау фактісі орын алған жоқ.
Қазір
оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Және қауіпсіздікке жауапты фирма мен
құрылыс алаңының басшыларынан түсініктеме алынып жатыр екен.
Айта кетсек,
«Абу-Даби Плаза» Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстанның бірлесуімен 2010
жылы басталған, құны 1,6 млрд долларлық инвесторлық ірі құрылыс. 88 қабаттан
тұратын кешен әлемдігі 14-ші, ал Орта Азиядағы алғашқы ең биік ғимарат болуы
тиіс. Бұл - «Экспо-17» көрмесінің де басты нысандарының бірі. Аумағы 510 мың
шаршы метрді құрайтын құрылыс биыл жыл соңында бітуі тиіс болатын. Бірақ
жұмыстың енді біршама тежелетін түрі бар. Кешеннің өрт жетпеген бөліктерінде
жұмыс тоқтатылған жоқ. Әзірге шығын көлемі де белгісіз.
Құралай ПИОНЕР