Батыс
Қазақстан облысының Березов ауылында балаларды тағы да белгісіз дерт айналдыра
бастады. Кешеден бері осындай сегіз оқиғаның куәгері болған ауыл тұрғындары
тілшілерімізге хабарласты. Қазір ауыл халқы балаларын мектепке жіберуге де
қорқады. Ал қарашадан бері аурудан көз ашпаған кейбір оқушылар білім ошағына
апталап бармаған. Дәрігерлер оларды күн сайын тексергенімен, оқушылардың мұндай
күйге түсу себебін айта алар емес.
1 ақпанда мемлекет қаржысы есебінен осы
ауылдағы алты бала ата-анасымен бірге Алматы қаласына аттанды. Бұған дейін
бірнеше оқушы жергілікті «Ақжайық» шипажайында демалып қайтқан еді. Дегенмен,
балалардың денсаулығы түзелмегеніне алаңдаған ауылдықтар енді не істерін білмей
отыр.
Айнагүл
Төлеуова, Березов ауылының тұрғыны:
Қызымды
мектепке жібергенім сол еді, мұғалімі
хабарласып, оның ауырып қалғанын айтты. Барсам, құлап қалған екен. Қызым сөз
арасында басқа да балалардың құлағанын айтты. Кеше алтауы, бүгін тағы екі-үш
оқушы есінен танған. Дәрігерлерден еш қайран жоқ. Кеше қан қысымын өлшеген үш
дәрігердің көрсеткіші үш түрлі, сосын оларға сенбейтін болдым. Ал мұғалімдер
дәрігерлерді шақырмауға тырысады.
Айта
кетелік, осыдан екі ай бұрын Батыс Қазақстан облысындағы Берез ауылындағы
мектепте 28 оқушы ес-түссіз құлап, дәрігер көмегіне жүгінген еді. Тұрғындар бұл
жағдайға іргедегі Қарашығанақ кенішін кінәлап, өздерін қауіпсіз жерге көшіруді
талап етті. Алайда, кеніштегі жағдайдың қалыпты екенін анықтаған комиссия
шешімінен кейін Березов ауылы көшірілмейтін болды. Бірақ ауылдағы сырқат
балалардың қатары көбеймесе азаяр емес.
Еркін КАРИН