$488.26 €530.54 ₽5.03
×

Алматының іргесіндегі Әйтей елді мекенінде 500 астам адам алаяқтарға алданғандарын айтады

AstanaTV
06.02.2015ж. 20:00
1072
Алматының іргесіндегі Әйтей елді мекенінде 500 астам адам алаяқтарға алданғандарын айтады

Алматының іргесіндегі Әйтей елді мекенінде 500 астам адам алаяқтарға алданғандарын айтады. Аумағы 28 гектар жерді өзара бөліске салған тұрғындар  ақпарат құралдарының өкілдеріне мұң шақты. Бәзбіреулер  ауыл шаруашылық мақсатындағы жерді жеке үйлер құрылысы үшін бөлшектеп, арзан пұлдаған. Соңынан  құзырлы органдар жер саудасымен айналысқан топ мүшелерін құрықтап, әртүрлі мерзімдерге соттады. Ал ортада сан соғып қалған қарапайым халық енді жерге үй салуға рұқсат беруді сұрап табанынан тозып жүр.

Бұл жерге 2006 жылдан бастап «Алтын ұя» деген қоғамдық ұйым иелік еткен. Ауыл шаруашылық мақсаты үшін берілген 70 гектар жердің жартысын ол  ұйым, жеке тұрғын үйлер салу үшін, бөліп сата бастайды. Ұлтарақтай жерге зарыққан жұрт ұйым басшыларының сөзіне сеніп, нарық құнынан төмен бағаға жер алады. Осылайша 28 гектар аумақ  8 сотықтан 480 адамға сатылып кеткен.

Нұрихан Балаханова:

Госактысын көрсетті бізге. Сосын біз келіп, 4 мың, 5 мың доллардан, арты 25 мың доллардан бердік. Содан енді бөліп аламыз деп жүргенде, олар өтірік госакті жасатқан деп, сотталды да кетті.

Шынаргүл Мыңбаева:

Әлеуметтік жағдайлары төмен дегендерге жер беріліп жатыр, арзан деген соң, жатақханада жүргенше деп, осыннан жер алдым. Малымызды саттық, кредит алдық. Сонымен ол жер жоқ болып шықты.

Бұл әрекеттің заңсыздығын сезген құзырлы органдар «Алтын ұя» ұйымының өкілдерін құрықтайды. 2008 жылы «алаяқтық» әрекеті үшін 9 жылдан жаза арқалаған тоғыз адамның бесеуі - сол ұйым мүшелері, қалғандары - делдалдар. Бірақ «алданған» топқа ешкім қаражатты қайтармаған. Ізінше бастамашыл топ жергілікті әкімдікті сотқа береді. Өйткені аудандық сот әлгі 9 адамды соттаған кезде қосымша шешім шығарып, жерді халыққа беру туралы аудан әкімдігіне бағытталған қаулы қабылдаған екен. Осыны негізге алған тұрғындар 2013 жылы сотта жеңіп шығып, жер телімдерін жеке меншікке аударуға қол жеткізген.

Бибігүл Асқарбекова, заңгер:

Аудандық соттың шешімін апелляциялық сатыға келгенде, облыстық сот жарамсыз деп таныды. Енді біз қайтадан шағым түсіріп, тұрғындарға жерді рәсімдеп беруге талпынып жатырмыз.

Бүгін наразы топ жеке тұрғын үй үшін жерлерін заңдастыруды сұрап, Қарасай ауданының әкімдігіне тағы келді. Алды тоғыз жылдан бері жерлерін даулап жүрген тұрғындарға аудан басшылары жер телімдерінің берілмейтінін мәлімдеді.

Амангелді Дәуренбеков, Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі:

Ол жерге үй салдыра алмаймыз. Себебі әр үйде кем дегенде үш адам тұрады десек, 500 үйде 1500 адам тұрады деген сөз. Үй салған оларға ауыз су жеткізу, жол салып беру, электр қуатын тарту деген сияқты мәселелер туындайды. Бұған облыстық бюджеттен қаражат бөлінбейді.  

Елбасы өткен жылы Алматы облысында ауыл шаруашылығы жерлерінің мақсатсыз пайдаланғанын сынға алған болатын. Облыс бойынша 3,5 мың гектар жердің тұрғын үйлер үшін заңсыз саудаланғаны әшкере болған-ды. Әсіресе Алматыға жақын суармалы жерлер мен егіске қажетті аумақтарды шенеуніктер мен арадағы делдалдар талан-таражға салғаны анықталған.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ