$488.26 €530.54 ₽5.03
×

«Қарағанды құс» фабрикасы жұмыртқаның шамадан тыс көп болуына байланысты, 68 мың мекиен тауықты сойып тастады

AstanaTV
09.02.2015ж. 20:00
1401
«Қарағанды құс» фабрикасы жұмыртқаның шамадан тыс көп болуына байланысты, 68 мың мекиен тауықты сойып тастады

«Қарағанды құс» фабрикасы жұмыртқаның шамадан тыс жиналуына байланысты, 68 мың мекиенді сойып тастады. Кәсіпорындағылар, субсидия ала алмай қалуына байланысты, жұмыртқа өндірудің қымбатқа түсіп жатқанын айтты. Дайын өнімдер қоймасы лық толып тұр. Сөйтсе, аймақтағы 3 ірі құс фабрикасы мемлекеттік субсидиядан қағылыпты. Өндірушілердің айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі оларға 400 миллион теңге берешек екен.  

«Қарағанды құс» фабрикасы осыдан 5 жыл бұрын «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында ашылған-ды. Қарағандылық мекиен тауықтар өнімін елдің көптеген аймағындағы дүкен сөрелерінен кездестіруге болады. Фабриканың 5 құс қорасы бар. Жылына 100 миллионнан аса жұмыртқа өндіреді. Алайда, өткен жылы өндіріс әлсіреп қалды.

Әсел Қалиева, «Қарағанды құс» ЖШС директоры:

Біз 2014 жылы субсидия алмадық. Шамамен 118 млн теңге. Қарағанды облысында да дәл осындай жағдай. Біз баға бойынша тиімсіз жағдайда қалып отырмыз. Сондықтан құс қорасының біреуін жоюға тура келді.

Үздіксіз жұмыс істеп жатқан өндіріс - тауық санын қадағалап және азайтып әлек. Қоймадағы дайын өнімдер  4 есе артығымен жиналып тұр. Ал жұмыртқаларды тиеп алып кетушілер аз. Бұрындары оны тек Орталық Қазақстан ғана емес, оңтүстік аймақтар да сатып алатын. Ал қазір субсидия болмағандықтан, баға бәсекелестікке төтеп бере алмай жатыр. Әйтпесе, құс өсірушілердің дайын өнімдерді сатқылары-ақ келеді.

Бүгінде «Қарағанды құстағы» жұмыртқа данасының өзіндік құны - 14 теңге. Құстың жемі, оны баптау, құралдарды жөндеу шығындары және жұмысшылардың жалақысы да осы ақшадан. Бұл соманың 3 теңгесін 2013 жылы мемлекет компенсациялаған еді. Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар бұл мәселеге қанық. Қолдарынан келгенше, көмектесеміз, дейді.

Бауыржан Асанов, Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Мәлімдеген қаражат негізінде бізге қаржы жетпей қалды. Соған қарамастан, біздің құс өсірушілеріміз барлық субсидияның 63 пайызын алды.

Сондай-ақ, басқармадағылар, сиыр етін өндіретіндер небәрі 55 пайыз, ал сүт өндірушілер одан да аз - 45 пайыз - субсидия алғанын, айтты. «Ауыр жыл болды. Сондықтан Ауыл шаруышылығы министрлігі барлығын толық көлемде қаржыландыра алмады», - дейді. 


Бауыржан Асанов, Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Барлық қаражатты Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіп, сосын барып субсидиялаймыз. Бізде 400 млн теңге жетіспей тұр.

Өткен жыл қиын болғанмен, 2015-те жағдай тұрақтанбақ. Шенеуніктер, субсидия көлемін арттырамыз, қазірдің өзінде өтініштер бар, дейді. Ал «Қарағанды құс» фабрикасындағылар уәдеге сеніп, қарап отырған жоқ. Олар жұмыс орындары мен тауықтарды сақтап қалуға тырысып бағуда. Және экономиканың жаңа белесіне дайындық үстінде.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ