Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«ҚазМұнайГаз»: Ресей мұнай өнімдері импортына тосқауыл қойылмайды

AstanaTV
09.02.2015ж. 20:00
1256
«ҚазМұнайГаз»: Ресей мұнай өнімдері импортына тосқауыл қойылмайды

Елімізге Ресейден келетін арзан мұнай өнімдеріне шектеу қойылмайды. Есесіне, ішкі нарықта бензин бағасы тағы арзандауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Сауат Мыңбаев мәлімдеді.

Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Бүгінгі таңда жаңағы Ресейден келетін жағар-жанармайдың көлемі шектелсін деген шешім қабылданған жоқ, жақын арада қабылданбай ма деп санаймын. Ол бірақ министерствоның құқығы, біздің, ұлттық компанияның құқығы емес.

Қазіргі бензиннің төмен бағасы «ҚазМұнайГаз» компаниясының қалтасын жұқартып отырғанын мойындаған төраға, арзандау үрдісі әлі де жалғасады деген пікірде. Ал жиі талқыланып жүрген, Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесіне тоқтала келе, ұлттық компания басшысы, құрылыс жақын арада бастала қоймайды, бірақ дайын, өңделген мұнай өнімдерін шығаратын қосымша зауыт салу тапсырмасы әлі де өзекті, деді.

Қазір өндірістегі 3 зауытты жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Ол шамамен 2016 жылдың аяғы мен 2017 жылдың басында аяқталуы тиіс. Осылайша 2024 жылға таяу Қазақстан ішкі нарық сұранысын толық игереді деген жоспар бар.

Ал төртінші зауыттың құрылысы ұзаққа созылған Қашаған жобасына да тікелей қатысты көрінеді. Төрт  зауыт жұмыс істеген күнде, отандық  кеніштер оларға үзбей шикізат жеткізе алуы - міндет. Бір салған құбыры жарамсыз болып қалған жоба, қазір қайта қолға алыныпты. «Ескі олқылықтарды ескеріп, жұмыстарды 2016 жылдың екінші жартысында аяқтаймыз», - дейді Сауат Мыңбаев. Және қайта жөндеу жұмыстарына кеткен қаражат мемлекет есебінен өндірілмейді.

Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Қазір «Қашағанда» қайта салынып жатқан құбырларға кеткен шығынды мемлекет өтемейді. 2008 жылы қол қойылған жаңа келісімге сәйкес, бұл Каспийде мұнай өндіріп жатқан компаниялар консорциумының шығыны. Сондықтан консорциум мейлінше қысқа мерзімде барынша аз қаражат жұмсап, жобаны іске асыруға мүдделі.

Мұнайдың нарықтағы төмен бағасына байланысты, компания басшысы, жұмыскерлерді немесе жалақыны қысқарту «ҚазМұнайГаз» жоспарында жоқ, деп мәлімдеді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ 

Алдыңғы жаңалық