Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Елімізде жанармай бағасы 99 теңгеге дейін түсті

AstanaTV
11.02.2015ж. 20:00
1585
Елімізде жанармай бағасы 99 теңгеге дейін түсті

Елімізде жанар жағармай бағасы 99 теңгеге дейін арзандады. Мұндай ақпаратты Энергетика министрлігі таратты. Бағаны қадағалау энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалинге жүктелген. Десе де, таңертеңнен бастап елордадағы кейбір жанар-жағармай құю стансалары сұйық отынды ескі бағамен саудалап жатты. Өзге аймақтардағы жағдай да осыған ұқсас. 

Ведомство басшысының бұйрығымен қосылған құн салығын есептегенде, дизельді отынның литрі 99 теңгеге тұрақтады. АИ-80-ң бір литрі 89 тенге, АИ-92/93 - тің литрі 99 теңгені құрап отыр. Астана көшелерінде май құю бекеттеріндегі ахуалды білмекке талпынған едік. Кейбір жанар-жағармай құю стансалары сұйық отынды әлі де болса бұрынғы бағамен саудалап жатқаны байқалды. Олар тиісті бұйрық әлі түскен жоқ дегенге сілтеді.  

Есть, в интернете новость вышла. Но пока приказа нет. 

Атырауда да  баға құбылып тұр. Май құю бекеттері  қалаған бағада сатып жатыр. Кейбірінде АИ-92 мен дизель отыны - 103-104 теңгеге саудаланып жатыр. Дизель отынының бағасы ұшып тұр - 165 теңге.  Ең арзан бензин шаһарда бірлі-жарым ғана бекеті бар «Ақ тілек» май құю бекетінде. Онда АИ - 92 бензині 98, ал 80 маркасы 79 теңгеден сатылуда. Дизель отыны - 97 теңге. «Қазмұнайгаздағы» баға да қалыспайды. Компанияға қарасты бекеттерде бензин 102 теңгеге сатылуда. Бірақ сатушылар бағаның өзгертетінін айтады. 

Разида Сибағатова, «Қазмұнайгаз» жанар-жағармай бекетінің кассирі:

Қазір сағат 12-де ауысады. Қаулы шықты. Қазір ғана телефон соқты. 92 маркалы бензинді 99 теңгеге алмастырыңдар деді. Бізде 80 маркалы бензин жоқ.

Ақтөбеде АИ-92/93 маркалы жанармайды кейбір станциялар 103, 105 теңгеден саудалауда. Есесіне, бірқатар жеке меншік сауда нүктелерінде өткен айдан бері бензин құны 95 теңгеге дейін арзандаған. Тұрғындар мұнай өнімінің құны түскен соң қоғамдық көлік пен такси бағасы да арзандауы тиіс дейді.

99 теңге жақсы ғой. Халыққа жақсы. Проезд барлығы арзандайды. Азық-түлік те арзандайды, деп ойлаймыз.

Арзандағаны жақсы ғой елге енді. Кім ақшасы аз, айлығы аз, соған қалтасына ұрады ғой.

Ал Энергетика министрі Владимир Школьник Ресейден арзан бензин тасымалдауға ешқандай шектеу болмайтынын айтты. Оның себебін бас энергетик Кедендік одақ елдері арасындағы ортақ нарық, ортақ кеңістікпен түсіндірді. "Ендігі міндет - биыл мұнай өнімдері саласында өткен жаздағыдай дүрлігуге жол бермеу",- деді министр.

Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:

Ресейде рубль курсының өзгеруіне байланысты, онда мұнай өнімдері арзан. Енді, үкімет біздегі мұнай өнімдері нарығындағы жағдайды реттеу үшін барлығын жасайды. Десе де, дәл қазір нарықты жабуға болмайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай тұрақсыздық кезінде көрші елде түрлі жағдай болады. Ресейдің де, біздің де өндірушілеріміз бен тұтынушыларымыз зардап шекпес үшін, келісімдер жасалып жатыр. 

Біздің елде соңғы жарты жылда бензин бағасы 4 рет түсті. 128 теңгеден 115-ке, сосын 109-ға, одан кейін 102-ге. Ал бүгінгі баға - 99 теңге. Бұл бағаның да қашанға дейін тұрақтайтынын ешкім дөп басып айта алмайды. Ал қоғамдық көліктердегі билет құны арзандай ма - оны уақыт көрсетеді.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ