Ал
бүгін Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 27 жыл. Алматыда осы айтулы датаға орай дәстүрлі
тағзым ету шаралары өтті. 28 панфиловшы батырлардың атындағы
саябақта орналасқан ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштерге гүл
шоқтары қойылды.
Майдан даласына 22 мыңнан астам отандасымыз аттанса, соның
924-і ажал құшты. Ал 19 жерлесіміз ізім-ғайым жоғалғандар санатында. Бір
минуттық үнсіздіктен соң жиналғандар сол бір қанқұйлы соғыстың ақтаңдақтары
туралы естеліктерімен бөлісті.
Мұрат
Әбдішүкіров, Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері ҚБ төрағасы:
Ауған
соғысына аттанған әрбір жиырма сарбаздың біреуі оққа ұшты. Он сегіз-он тоғыз
жастағы балаң жігіттер өмірден озды. Мұның барлығы болашаққа сабақ болуы тиіс.
Алайда
Ауғанстандағы қырық жыл бұрын тұтанған соғыс өрті әлі де маздап тұр.
Саясаттанушы Анна Гусарованың пікірінше, соңғы жылдары бұл аумақтағы жағдай
ушығып барады. Ел аумағының тең жартысы әлі де тәлібтердің бақылауында. Оған
қоса, ДАИШ содырлары да қазір Ауғанстан жерінде өз өктемдігін жүргізе бастады.
Ал жергілікті биліктің ел тұстастығын қолға алып, әмір жүргізетіндей жағдайда
емес. Біртұтас мемлекет құруға түрлі саяси-әскери топтар ешқандай мүмкіндіктер
бермей келеді, дейді.
Анна
Гусарова, саясаттанушы:
Егер
бұл аумақтың келешегі туралы айтатын болсақ, ел аумағындағы бітімгерлік
күштердің санына назар аудару қажет. Ол, әрине, алдағы АҚШ-тағы президент
сайлауынан соң билікке келетін саясаткердің қадамына байланысты. Дәл қазір
Ауғанстандағы Америка әскерінің саны 10 мың адам. Келесі жылы оның санын 5,5
мыңға дейін қысқарту туралы айтылғанымен, бұл сұрақтың басы ашық қалды.
Аймақтағы ДАИШ-тың ықпалынан соң, бітімгерлер қысқартылмады.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ