Көктем шыға, ескі жазуларды оқи алатын мамандар, тарихшылар мен өлке
жанашырларынан құралған экспедиция Батыс Қазақстан облысын аралайды. Олар көне
қорымдарды қағазға түсіріп, құлпытастағы жазуларды оқымақ. Осылайша тарихты
тануға ат салыспақ.
Тарихшы Жәнібек Исмұрзиннің айтуынша, құлпытастар -
қазақтың төлқұжаты. «Өйткені дүние салған адамның басына қойылған тасқа оның
шыққан тегі жазылады. Демек, осы ақпаратты кеңінен пайдаланса, ел тарихының
кем-кетік тұстарын түгендеуге болады»,- дейді ол. Бұл іске жергілікті көнекөз
қариялар да ат салыспақ.
Айта кетелік, бұған дейін де осы тектес зерттеу
жасалып, арнайы жинақ жарық көрген еді. Оған ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы арабша
жазылған 50 ескерткіш енгізіліп, тарихи тұлғаларға қатысты тың деректер мәлім
болған еді. Мысалы, хан Жәңгірдің өмірден озған уақыты нақтыланды.
Жәнібек Исмұрзин, тарихшы:
Сол дәуірде тасқа қашалған жазу бүгінгі күнге дейін еш өзгеріссіз жетіп
отыр. 18, 19 немесе 20 ғасырдың басындағы. Ал қағазға түсіп қатталған патша
үкіметінің 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгісі ресейлік империялық-буржуазиялық дворяндық
тарихшылардың сол кезеңдегі орыс империясының мүддесіне сәйкес жазылған.
Құлпытаста келтірілген мәліметтер қысқа болғанымен, нақтылығымен, дәлдігімен
қазақ тарихын түгендеуге, толықтыруға зор көмегі тиеді.
Еркін КАРИН