$481.84 €531.33 ₽5.07
×

Павлодардағы өртке жауаптылар 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін

AstanaTV
03.02.2016ж. 20:00
1314
Павлодардағы өртке жауаптылар 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін

Екі жұмыскердің өліміне соқтырған Павлодардағы «Нефтехим ЛТД» кәсіпорнында болған өртке кінәлілер 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін. Бұл жайында арнамызға облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Қазір бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Арнайы сараптама да тағайындалған. Төтенше жағдайға нақты кімнің кінәлі екендігі осы сараптама қорытындысынан соң белгілі болмақ.

Сәуле Мусинова, Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі:

Ірі компаниялардың бірінде болған кісі өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Осы факті бойынша барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Баптың санкциясы 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралған.

Арнайы комиссия кәсіпорында болған төтенше жағдайға жұмыс беруші тікелей жауапты деген шешім шығарды. Апатқа 4 жағдай әсер еткен. Олар: технологиялық процесте кеткен олқылық, құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі, жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы және еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы.

Айта кетейік, оқыс оқиға қаңтардың 4-і күні болды. Өндіріс ошағының полипропилен сақтайтын қоймасынан шыққан өрттен екі адам қаза тауып, үш жұмыскер күйіп қалған еді. Ауыр халдегі екі азамат Астанадағы ауруханада ем алып жатыр.  


Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ