Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин кезекті жеңісін тойлады

AstanaTV
23.02.2015ж. 20:00
1279
Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин кезекті жеңісін тойлады

Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин қарсыласқа шақ келтірер емес. Монте-Карло қаласында өткен бокс кешінде қазақстандық былғары қолғап шебері Ұлыбритания спортшысы Мартин Мюррейді 11-ші раунда нокаутпен жеңді. Осы және басқада спорт жаңалықтары келесі бейнематериалда. 

Геннадий Головкин жанкүйерлер сенімін толығымен ақтады. Үш тұжырым бойынша чемпиондық белбеулердің иесі өз мықтылығын тағы бір дәлелдеп берді. Монако патшалығында өткен кәсіпқой бокс кешінде қарағандылық саңлақ Ұлыбритания спортшысы Мартин Мюрреймен қолғап түйістірді. Кездесу басынан қарсыласына ауыр соққыларын дарыта білген отандасымыз Мюррейдің бас көтеруіне мүмкіндік бермеді. Салдарынан ағылшын спортшысы төртінші раундта екі мәрте нокдаун алды. Бірақ табандылығымен танылған Мюррей тез есін жиып кездесуді жалғастырды.

Дегенмен, 10-шы раундта Головкиннің тағы бір жойқын соққысына тап болған ұлыбританиялық рингке сұлап түсті. Төреші сегізге дейін санағанша орнынан тұрған Мюррей шыдап бақты.

Ал 11-ші раунд басында Головкиннің шабуылына қарсы тұра алмаған Мюррейдің дәрменсіз екенін көрген алаңдағы қазы кездесуді тоқтатты.

Сонымен 32 жекпе-жекте ұтылып көрмеген Геннадий Головкин чемпиондық белбеулерін сақтап қалды. Қазақстандық спортшының ендігі мақсаты - Бүкіләлемдік бокс кеңесінің чемпиондық белбеуін иелену. Алтын белбеу әзірге пуэрто-риколық Мигель Коттоның еншісінде.

Геннадий Головкиннің өнеріне тәнті болған Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев чемпионды жарқын жеңісімен құттықтап, алдағы укақытта да сәттілік тіледі.



Елордалық «Барыс» командасы тағы да үздік шықты. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Новосибирск қаласының «Сибирь» клубын қабылдаған Андрей Назаровтың шәкірттері үш ұпайды олжалады. Кездесу басында төбелес орын алды. Жұдырықтасу дегенде алдына жан салмайтын Дәмір Рыспаев Виталий Меньшиковпен өзара мықтыны анықтады. Бұл жекпе-жекте қазақстандық спортшы қарсыласының алдын орап кетті.

Ойынға келсек. Алма-кезек шабуылдарға қарамастан, командалар алғашқы екі кезеңде есеп аша алмады. Бұл кездесудегі жалқы болса да жеңіс шайбасын қорғаушы Кевин Далмэн соқты.

Қалған уақытта қонақтар есепті теңестіру үшін аянып қалмады. Бірақ қорғанысы сыр бермеген айдын иелері жеңіс есебін ұстап қалды. Келесі кездесуін «Барыс» командасы Нижний Новгород қаласының «Торпедо» клубына қарсы өткізеді. 

Самат ҚАНАҒАТОВ