Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қарағандылық өнертапқыш үнемді, әрі экологиялық жылыжай салды

AstanaTV
26.02.2015ж. 13:00
1446
Қарағандылық өнертапқыш үнемді, әрі экологиялық жылыжай салды

Қарағандылық өнертапқыш ерекше жылыжай ойлап тапты. Жасанды бақшада жаңа технология мен ежелгі қуат көздері үйлесімін тапқан. Жылу 2 есе, су 4 есе үнемделеді. Одан бөлек, әдеттегіден екі есе көп өнім алуға болады.

Теміртау маңындағы Айхан ауылында екі ай бұрын іске қосылған жоба, көктем келмей жемісін бере бастады. Жылыжайда көктеп шыққан қызанақ, қиярлар, аскөк, ақжелкен, салат жапырақтары бір-екі күнде Қарағанды,Теміртау қалаларында саудаға шығарылмақ.

Қарағандылық өнертапқыш Владимир Вашкевичтің жылыжайы шағын, бірақ ерекше. Мұндағы технологияның бәрі үнемді, экологиялық таза. Мысалы, ауа жылытқыш қазандықтар көмірді 100 пайыз жағады.

Мұржадан түтін де шықпайтын көрінеді. Кейін ол ауа құрғақ жылыту жүйесі арқылы тарайды. Қосымша күн қуатын қабырғалар мен төбеге қаланған кәдімгі шақпақ тастар жинайды. Қуатты түнде жылыжайға таратады.

Жылу өте көпке жетеді. Бұл жылу жүйесінен толықтай бас тарту деген сөз емес. Бірақ, оны 40 пайыз үнемдеуге әбден болады.

Ерекшелігінің бірі, ол - тұқым отырғызатын топырақтың арасына жылу бөлетін зат төселген. Демек, тәулік бойына топырақ суымайды. Ал, ондағы қияр, қызанақ, ақжелкен, аскөктер жаңбыр мен қар суымен, тамшылатып суғару әдісімен суарылады. Жылыжайдағы мамандар, нөсерлі жауын 3 тіпті 4 тоннаға дейін су береді, - дейді.

Андрей Петришин, технолог:

Ылғал көкеністің тамырына тура жіберіледі. Тамшылатып суғаратындықтан, жан-жағына су шашырамайды. Арам шөп те өспейді.

Өнертапқыштың әу-баста көздегені де осы еді. Басқалармен салыстырғанда мұнда жылу 2 , ал су 4 есе үнемделеді. Одан бөлек еш химикат қосылмайтынын айтты. Қазір жылыжайда қиярдың 5, қызанақтың 10 түрі өсіп келеді. Мұндағылар жарты жылда 7 тонна көкеніс өсіруді жоспарлап отыр.

Владимир Вашкевич, өнертапқыш:

Бұл жердің атмосферасы өзгеше. Шу, күйбең тірлік, бәрі сыртта қалады. Бір демалып қаласың. Өсімдіктер де, біз секілді тірі. Олар классикалық әуенді қатты ұнатады. Жақсы көктейді.

Айжан Қуаш, тілші:

Қыс аяқталмай жатып, жылыжай жемісін беріп үлгерді. Мамандар бүгін өз қолдарынан шыққан алғашқы қиярды жинауға кірісті. Әрине, бұл біз сатып алып жүрген шетелдік өнімнен өзгеше. Иісі аңқып тұр.

Ашылғанына 2 ай болған жылыжай, алғашқы өнімдерін ертең саудаға шығармақ. Қарағандылық өнертапқыш жерлестерін табиғи өніммен қамтуға ниетті. Келешекте шағын жылыжайды кеңейтуді көздеп отыр.

Әзірге тек қаржы қолбайлау болып тұр. Шығын кешенді салуға 15 миллион теңге жұмсаған кәсіпкер, енді үкіметтен несие сұрамақ. Өйткені, жылыжай өз шығынын екі жылдан кейін ғана ақтауы мүмкін.

Айжан ҚУАШ