$499.51 €525.83 ₽4.62
×

«Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі 11 наурызға бекітілді

AstanaTV
26.02.2015ж. 20:00
1743
«Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі 11 наурызға бекітілді

«Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезі 11 наурызда өтетін болды. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін тиісті Қаулыға қол қойды. Бұл жөнінде өңірлермен өткен селекторлық кеңесте партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлімдеді. Басқосу барысында өзге де бірқатар мәселелер талқыланды. 

Бейнебайланыс тәртібінде өткен партия кеңесіне 300-ден аса бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты. Жиынның күн тәртібінде өзекті мәселелер бар. Партияның орталық аппараты мен өңірдегі нұротандықтар алдағы жоспарланған кезекті съезге қатысатын делегаттардың тізімін бекітуі тиіс.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

Ағымдағы жылдың 26 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президенті сайлауы өткізілетін болғандықтан, бүгін таңертең «Нұр Отан» партиясының Төрағасы 2015 жылдың 11 наурызында «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезін өткізу жөнінде Қаулыға қол қойды.

Кезекті съезд қатысушылар санының көптігімен де ерекшеленеді. Жиынға өңірлердегі филиалдардан бөлек, шалғай ауылдардағы партия мүшелері де қатысу мүмкіндігіне ие болды. Олардың тізімі алдағы аптада бастауыш партия ұйымдары мен партияның аймақтық және өңірлік филиалдарының жиналыстарында анықталады.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

Бұл - тарихи съезд. Сондықтан еліміздің барлық өңірлерінен бұған 1200-ден астам делегат қатысатын болады. Оның ішінде облыстық мәслихаттардағы партия фракцияларының басшылары, шалғайдағы ауылдарды қоса есептегенде, 200-дей бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және 100-ден астам партия белсенділері мен ардагерлері қатысады.

Бүгінде еліміз бойынша партияның 5598 бастауыш партиялық ұйымы бар. Бұның 95 пайызын құрамы 4 адамнан 500-ге жететін ұйымдар құрайды. «Нұр Отанның» ақпарына сәйкес, еліміздегі әрбір тоғызыншы дауыс беруші билеуші партияның құрамында. Олардың басым бөлігі - елуді еңсерген азаматтар. Гендерлік көрсеткіш бойынша, әйел азаматтардың үлесі - 40 пайыз. 

Мен өзімді «Нұр Отан» партиясының мүшесі болғанымды мақтан етемін. Себебі «Нұр Отан» партиясы барлық қазақстандықтарды экономикалық және әлеуметтік сұрақтарды шешуге біріктірді.

«Нұр Отан» партиясы биыл бастауыш партиялық ұйымдарға ерекше көңіл бөліп отыр. Сол себепті «2015 жылды бастауыш партия ұйымдарының жылы» деп бекітті.

Все работники механического цеха осознают, что быть членом партии «Нұр Отан» - значит быть в одной команде с нашим Президентом, проводить его политику, направленную на развитие независимого Казахстана.

Кезекті 16-шы съезд - өңірлерде жергілікті халықпен тікелей қарым-қатынастағы бастауыш ұйымдар үшін ашық диалог алаңы. Жалпы партия өңірлердегі әрбір филиал, ұйымның белсенділігін қолдайды. «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» байқауының аясында үздік ауылдық бастауыш партия ұйымы және сол ұйымдардың үздік басшылары анықталмақ. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ