Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Астана әуежайында салынатын жаңа терминал жылына 7,5 млн жолаушыға қызмет көрсете алады

AstanaTV
03.03.2015ж. 20:00
1118
Астана әуежайында салынатын жаңа терминал жылына 7,5 млн жолаушыға қызмет көрсете алады

Астана әуежайында салынатын жаңа терминал жолаушылар өтімділігін екі есе арттырады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Астана халықаралық аэропортының» басқарма төрағасы Қайрат Жауханов айтты. Жаңа терминал «Экспо» көрмесіне қарай қолданысқа беріледі. Аумағы 45 мың шаршы метрді алатын терминал жылына жеті жарым млн жолаушыға қызмет көрсетеді. Бүгінде оның құрылысына Ұлттық қордан 29 миллиард теңге қаралған. 14 миллиардын – «Қазақстан темір жолынан», тағы 17 миллиардын банктерден қарызға алу көзделіп отырған көрінеді.

Журналистерді әуежайдағы қызметтер мен ішім-жемнің, атап айтқанда, шай, кофе сынды бірқатар сусындардың удай бағасы да алаңдатты. Аталмыш тақырыпты «Астана» телеарнасы бұған дейін де көтерген еді. Қаңтар айында әуежайдың маркетинг бөлімінің бастығы біздің тілшілерге берген сұхбатында, ішкі қызмет бағаларын төмендету үшін, сол қызметті көрсететін шағын және орта бизнес өкілдерімен келіссөздердің жүріп жатқанын, айтқан еді. Әуежай терминалын басқарушы компания өкілдерінің айтуынша, қазір баға едәуір арзандап, қалалық көрсеткішпен теңескен. Десе де, әуежай басшылығы жеке такси жүргізушілеріне әмірін жүргізе алмайтын болып шықты.

Қайрат Жауханов, «Астана халықаралық аэропорты» АҚ басқарма төрағасы:

Жеке таксилер жалпыға ортақ аймақта тұрады. Ол аймақ ішкі істер органдарының құзырында. Біз полициямен келіссөздер жүргіздік. Қазір олар аталмыш мәселені қолға алып жатыр. Жекеменшік таксилер әуежайдың өзінде емес, вокзал алаңында тұратын болды. Ал ЭКСПО-ға қарай біз екі қабатты көлік тұрағын саламыз. Ол көлік кептелісі мәселесін жақсартуы тиіс.

Астана әуежайы 16 әуе компанияларына қызмет көрсетеді. 15 ішкі және 19 сыртқы бағыттарды қамтиды. Ал жолаушылар саны жыл сайын кем дегенде 12 пайызға артып отырады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ