$513.74 €569.17 ₽6.33
×

Бүгіннен бастап Қазақстан Ресейден жанар-жағармай мен дизель отынын тасымалдауға шектеу енгізді

AstanaTV
05.03.2015ж. 10:00
1043
Бүгіннен бастап Қазақстан Ресейден жанар-жағармай мен дизель отынын тасымалдауға шектеу енгізді

Бүгіннен бастап Қазақстан Ресейден жанар-жағармай мен дизель отынын тасымалдауға шектеу енгізді. Бұл тыйым 20 сәуірге дейін созылмақ. Энергетика министрі Владимир Школьник тиісті бұйрыққа қол қойды.

Оның орындалуын қадағалау бірінші вице-министр Ұзақбай Қарабалинге жүктелді. Бұл жөнінде Kapital.kz жазады. Айта кетейік, апта басында Үкімет ішкі нарықта көрші мемлекеттен жеткізілген бензин мен дизель отыны тым артып кеткенін алға тартқан.

Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Ресейден келетін мұнай өнімдерінің шектен тыс көбеюіне жол берілмейтінін айтты. Ол сондай-ақ, 
«Биыл Ресейден 1 млн 100 мың тонна бензин мен 760 мың тонна дизель отынын алуға ниеттіміз. Тек өткен 2 айда алдағы 45 күнге жетерлік бензин сатып алынды. Шектеу мерзімі аяқталған соң, тасымалдау қайта жанданады», - деген болатын.

Министрлік өкілі бағаның ең өтімді бензин үшін 99 теңге көлемінде тұрақтайтынын айтты. Ал мұнай-газ саласына талдау жасайтын мамандар «бұл шектеудің» уақытша құбылыс екенін, бензин нарығында жағдай қалыпты, сондықтан жүргізушілер үшін алаңдауға еш негіз жоқтығын алға тартқан.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА