Жақында елімізде жаңа туристік маусымның шымылдығы түріледі. Алайда осы
саланы реттейтін заңға енгізілген өзгерістер дауға себеп болатын түрі бар.
Соңғы екі жылда отандық демалушыларды сергелдеңге салған оқиғалар қайталанбас
үшін, Үкімет Парламентке бірнеше ұсыныс енген заң жобасын жолдаған болатын.
Соның бірі туристік операторларға жолдамалар сатуға
тиым салу. Операторларға енді тек шетелдік
серіктестермен жұмыс істеуге мүмкіндік берілмек.
Ал демалысқа аттанатындарға билет
саудалау ісі туристік агенттіктерге жүктелген. Енді қаржыдан қағылудан
қауіптенетін тарап, 1-ші қаңтарда қабылданған заңды қайта қарауды талап етіп
отыр.
ҚР Туристік қызметі және туроператорлар мен турагенттіктердің азаматтық
құқықтық жауапкершілігі жөніндегі заң бірінші қаңтардан бастап күшіне енді.
Былтырғы маусымдағы «Гүлнәр тур» компаниясы туындатқан дүрбелеңнен соң,
туристік агенттіктер мен туристік операторлардың мәртебесі қайта қаралған еді.
Жаңа өзгертулерге сай, туроператорлар енді туристерге тікелей жолдама сата
алмайды. Енді тұтынушымен тікелей саудаласу - туристік агенттіктердің жұмысы.
Әсел Нүркебаева, Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының президенті:
Бұл бірінші кезекте, нарықты
«көлденең аттылардан» тазарту. Айналымында тиісті қаржаты жоқ, бірақ маусым кезін пайдаланып табыс табатындар көбейді. Қаржылық кепілдігі
жоқ, бірақ билетті оңды-солды сатады. Сондықтан жаңа заң кімнің шынайы жұмыс
істеп жүргенін көрсетеді. Енді бұл барлық туристік фирмалар үшін үлкен сынақ
болады.
Бірақ, «майлы шелпектен» қағылған екінші тарап мұнымен келіспейді. Олар заңның асығыс қабылданғанын айтып, дабыл қағуда. Туристік операторлар енді шетелдік серіктестермен тікелей жұмыс істейді, бірақ жеке тұлғаларға жолдама сата алмайды. Пайданың азайғанымен қоймай, шетелдегі демалушылардың да жауапкершілігі мен қауіпсіздігі солардың мойнына жүктеліп отыр. Мұны «алалау» деп қабылдаған туроператорлар ұзақ жылдар қалыптасып қалған үрдіс бұзылды, - деп шамданады.
Шакира Әділбекова, Қазақстан туристік қауымдастығы директорының орынбасары:
Бізде бұрыннан қалыптасқан мәліметтер базасы бар. Үйреншікті клиенттеріміз жыл сайын жолдаманы бізден келіп алатын. Енді жаңа заңға сәйкес қосымша туристік агенттік ашып, сол арқылы жолдама сатуға міндеттіміз. Алайда бұл қосымша қаражатты талап етеді. Оған шамамыз келмейді.
Туроператорлар жеке тұлғалармен жұмыс істеуге қойылған шектеу-кәсіпкерлікке тыйым салу деп есептейді. Осыған орай Ұлттық кәсіпкерлік палатасына шағым жазып, заңды қайта қарауды талап етіп отыр. Алайда кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын ұйым заңның артықшылығы басым деген пікірде. Палата өкілдері, тіпті заңды әзірлеуге өздері де қатысқан.
Гүлнәр Құрбанбаева «Атамекен» ҰКП Басқармасы төрағасының орынбасары:
Бүгінге дейін осы турфирмалардың қайсысы туроператор, қайсысы туристік
агенттік екенін ешкім түсінбей келді. Олар жолдаманы шетелден өздері алып,
өздері сататын. Бұл аралықта алаяқтықпен айналысып арасында заңсыз пайда
тапқандар қаншама? Ақыр аяғында қарапайым
турист зардап шегіп келді. Бұдан былай олай болмайды. Кәсіпкерлік палатасы
осыны реттеу үшін заңды дайындауға ат салысты.
Кезекті демалыс маусымының басталуына санаулы апталар қалды. Жыл басынан
бері жолдамаларды сату қызу жүріп жатыр, - дейді турагенттік өкілдері.
Ришат Асқарбекұлы, Тілші:
Өткен жылы демалыс маусымында ең ірі
екі туроператор банкротқа ұшыраған болатын. Соның ішінде «Гүлнәр тур»
компаниясы осы саладағы нарықтың төрттен біріне иелік етіп келген. Туристік компанияның жауапсыздығынан
былтыр 13 мыға жуық саяхатшы тентіретіп
қалған. Олардың арасында әлі күнге дейін қаражатын қайтарып алмаған туристердің
ісі сотта қаралып жатыр.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ