$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Президенттіке үміткерлер саны тоғыз адамға жетті

AstanaTV
05.03.2015ж. 20:00
2421
Президенттіке үміткерлер саны тоғыз адамға жетті

Президент болудан үміттілер саны тоғыз адамға жетті. Олардың сегізі өзін өзі ұсынғандар болса, бір үміткер Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан ұсынылып отыр. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов мәлімдеді. 

Бақыт Мелдешов, ОСК хатшысы:

Бүгінгі бесінші наурыздағы жағдай бойынша, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына 9 үміткер тіркелді. Олардың қатарында зейнеткер, уақытша жұмыссыз азамат, жанармай құю бекетінің қожайыны, сондай-ақ, жүргізуші мен жеке кәсіпкер бар. Толығырақ ақпарат қосымша жарияланады.

Ал бүгін 1959 жылы туған Астана қаласының тұрғыны - жеке кәсіпкер Асқар Сырғабаев есімді алғашқы үміткер лингвистикалық комиссияға сынақ тапсырды. Үміткер мемлекеттік тілде эссе жазу, мәнерлеп оқу және еркін тақырыпта сөз сөйлеу қабілеттерін көрсетуі тиіс болатын.

Үш жарым сағатқа созылған сынақ қорытындысында лингвистикалық комиссия Асқар Сырғабаевтың сынақтан сүрінгенін хабарлады. Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, үміткер шығарма жазуда 92 қате жіберген. «Президенттіктен үміткер азамат «мемлекет» деген сөздің өзінде қате жіберді. Бұнымен қоса, «елдік» деген сөздің мән-мағынасын да түсініп тұрған жоқ», - деді комиссия төрағасы. 

Мырзатай Жолдасбеков, ғалым, ОСК жанындағы лингвистикалық комиссия төрағасы:

Екі бет жазба жұмысында 92 қате жіберіліпті. Оның ішінде «мемлекет» деген сөздің өзі дұрыс жазылмаған. Оқу мәнеріңіз де әлсіз болды. Түсініксіз сөздер өте көп. Лингвистикалық комиссия Сырғабаев Асқар Жорабаевич мемлекеттік тілді меңгере алмаған деген қорытынды жасап отыр.

Асқар Сырғабаев:

Ұятты жағдай, енді не істейміз. Бүгінгі күнге сәйкес болып отыр ғой енді. Қазақ тілі керек емес. Бұрыннан керек болмады. Қазір де қолдауын таппай жатыр. Шала қазақ бар ғой, «бытовой» тіл дейміз. Сонымен жүрген азаматтармыз ғой. Совет үкіметінде оқығанбыз. Нәтижесінде осы. Өте дұрыс, орынды баға.

Жұрағат БАМАН