$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қазақ киносы тағы бір жаңа туындымен толықты

AstanaTV
10.03.2015ж. 13:00
2047
Қазақ киносы тағы бір жаңа туындымен толықты

Наурыздың 19-нан бастап «Оралу» толықметражды көркем фильмі жалпыұлттық прокатқа шығады. Туындыны «Көркем фильм» кино компаниясының қатысуымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясы түсірді.

Фильмнің тұсаукесеріне орай өткен баспасөз мәслихатына ұлттық киностудияның вице-президенті Дидар Амантай, қоюшы режиссері, сценарий авторы Рашид Сүлейменов пен басты рөлді сомдаған актерлар қатысты.

Фильм елден жырақта жүрген, бірақ туған жеріне келіп, Қазақстанда да жақсы өмір сүруге боларын түсінген кейіпкер туралы. Бұл рөлді актер Санжар Мәдиев сомдады. Еуропада білім алып, сонда өмір сүруге бел буған ол, ауылдағы атасы қайтыс болғанда Қазақстанға оралады.

Жоспары өзіне мұраға қалған жылқы фермасы мен сәйгүліктерді сатып, Еуропаға қайту болатын. Бірақ Мақсат Аружан атты мұғалім қызбен танысады. Жалпы туынды жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, туған жерді қастерлеуге үндейді.

Санжар Мәдиев, актер:

Түсірілім қала сыртында, Тұрар деген ауылда өтті. Күннің суығында да, ыстығында да жұмыс істедік. Кейде бәрін тастап, кеткім келген сәттер де болды. Бірақ шыдадық.

Дидар Амантай, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті:

Фильм өте жақсы түсірілген. Тартымды және ешқандай фальш жоқ. Өздеріңізге белгілі, өнердегі басты мәселе фальштың болмауы. Сәл ғана фальш көрінсе, оны көрермен қауым қабылдамайтынын тағы жақсы білесіздер. Сондықтан бұл фильмді адами фильм, кісілік туралы фильм, бұл фильмді біз патриотизм туралы фильм деп айтуымызға болады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ