Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ауа райының қолайсыздығынан жолдар жабылып, тұрғындарды әбігерге салуда

AstanaTV
11.03.2015ж. 20:00
1601
Ауа райының қолайсыздығынан жолдар жабылып, тұрғындарды әбігерге салуда

Ауа-райының қолайсыздығынан бірқатар республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Қалың қар мен бұрқасын салдарынан көлік қозғалысы шектеліп, әуе рейстері де кейінге шегерілген. Астана әуежайы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жағдай түс ауа қалпына келді. Ал төтеншеліктер әлі де күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Павлодар облысында қар құрсауынан 30 адам құтқарылды. Арасында 5 бала бар. Төтенше жағдай Баянауыл ауданына қарасты Южный және Қаражар ауылдары маңында болған. Хабарламаға сәйкес, қар құрсауындағы көлікте ерлі-зайыптылар үш баласымен қалып қойған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар тағы 10 көлікті қардан аршып алды. 

Талғат Омаров, Павлодар облыстық ТЖ департаментінің басқарма басшысы:

Баянауыл ауданында 30 адамға көмек көрсетілді, олардың бесеуі бала. 11 көлік қар құрсауынан шығарылды. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, алдағы тәулікте осындай ауа райы сақталмақ. Қар жауып, боран соғып, көктайғақ болады. Сондықтан тұрғындарға алыс жолға шығуды шектеуді сұраймыз.

Ал Қарағанды облысында 103 адам қар құрсауында қалған. Абырой болғанда, ешкім жапа шеккен жоқ. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Ұлытау ауданында Қарсақбай-Жезқазған бағытындағы көлікте болған 25 адамды өрт сөндірушілер құтқарған. Жолаушы тасымалдаушы тағы бір көлік Қызылорда -Павлодар тас жолында қардан шығарылды. 14 адам мен 2 бала құтқарылды. Осакаров, Нұра, Шет, Бұқар жырау аудандарында жеке көліктерімен жолға шығып, қамалып қалған 40-қа жуық адам жедел-құтқару жасағының көмегімен үйлеріне қайтарылған.

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА