$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Мұхтар Құл-Мұхаммед президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды штабын басқарды

AstanaTV
13.03.2015ж. 20:00
1266
Мұхтар Құл-Мұхаммед президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды штабын басқарды

Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды республикалық-қоғамдық штабы құрылды. Оны бұған дейін Президент кеңесшісі болған Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарады. Бүгін сайлау штабының отырысы өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде саяси ұйым атынан алдағы президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынылғаны мәлім. Бүгін құрылған штаб үміткерге жан-жақты қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру жөніндегі үгіт-насихатпен айналысып, сенімді өкілдердің жұмысын үйлестіріп отырмақ. Штаб мүшелері Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, әрбір еңбек ұжымы мен әрбір елді мекендегі сайлаушылардың пікірін тыңдайды. Ал қол жинау науқанын өте қысқа мерзімде аяқтайтындарына сенімді.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Сын сағатта азаматтардың ортақ мақсатқа жұмылуы - елдіктің көрінісі. Алдымызда тұрған асу биіктерді біз тек осылайша бағындырамыз. Елбасының серіктері ретінде қайсымыздың болсын мақсатымыз - партия съезінде ұсынылған бес реформаның нақты жүзеге асырылып, ел игілігіне жарағанына куә болу.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Президенттігіне үміткер Н.Назарбаевтың сайлауалды штабы жетекшісі:

Біз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдау арқылы, еліміздегі саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтуды, бірлігі мен берекеміздің берік кепілі болып отырған ұлтаралық, дін аралық және қоғамдық келісімді одан әрі қамтамасыз етуді, бізді әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына қосатын «Қазақстан-2050» стратегиясының одан әрі жалғастыруын, Елбасының басшылығымен жүзеге асатын экономикалық бағыттың беріктігіне шетелдік және отандық инвесторлардың сенімділігін арттыруды қолдаймыз.

Сайлауалды штаб құрамына «Патриоттар партиясы», «Ақ жол», «Ауыл» және «Бірлік» саяси партияларының жетекшілері де енді. Саяси ұйымдар сайлауға өз кандидаттарын ұсынбағаны мәлім. Штаб құрамына қоғамдық бірлестіктердің, ғылым, мәдениет, өнер және спорт саласының өкілдері де енді. Белгілі кәсіпкерлер мен танымал журналистер, кәсіподақ басшылары мен фермерлер де осы штабқа мүше. Республикалық орталықпен қоса, облыстық, қалалық және аудандық штабтар құрылды. Сондай-ақ жақын арада азаматтардың сауалдары мен ұсыныстарын тыңдайтын қоғамдық қабылдау өз жұмысын бастайды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ