Қарағанды
облыстық музыкалық комедия театры, испан драматургі Лопе де Веганың «Шөптегі
ит»
опереттасын сахналауға дайындалып жатыр. Бұл жолғы туындының ерекшелігі сол - мұнда қарапайым адамдар ойнамақ. Аймақта қолға алынған «Менің
жұлдызды сәтім»
жобасы аясында қарағандылықтар әртістік қабілеттерін сынамақ. Әріптесім Айжан
Қуаш әуесқой әртістердің репетициясын
бақылады.
Елена
Лисицина - музыкант. Қарағандыдан 25 шақырым қашықтықта жатқан Сарандағы
мектеп-интернатта шәкірт тәрбиелейді. «Менің жұлдызды сәтім» жобасына қатысу
үшін, өзінің негізгі қызметінен бөлек, күнде облыс орталығына келіп жүр. «Театрға
асығып келіп, қуанып қайтамын, сондықтан шаршау дегенді ұмыттым», - дейді Елена.
Елена
Лисицина,
«Менің жұлдызды сәтім» жобасына қатысушы:
Ән салғанды жақсы көремін. Ал
әнді айту ол - адреналин, ол үшін эмоция қажет. Елдің қалай қабылдайтыны қызықты
ғой?!
Еленаның
қасындағы Екатерина Обухова. Ол жеңілтек мінезді, жалшы қыз Марселаның ролін
сомдамақ. Негізгі
мамандығы заңгер болғанымен, қазір үй шаруасымен айналысады. Дегенмен «сахна - киелі»
екенін жақсы түсінеді.
Екатерина
Обухова, «Менің
жұлдызды сәтім» жобасына қатысушы:
Бала
кезімнен анаммен бірге ән салатынмын. Бәрі мені әртіс дейтін. Анам жуырда бұл
дүниеден озды. Өз өнерімді анамның құрметіне арнап, жобаға арнайы келдім.
Опереттаны
ойнауға түрлі саладағы 50 адам ниет білдірген. Оның арасынан отыз бесі таңдалды. Қоюшы режиссер: «Бойынан әртістік
қабілет қылаң берген үздіктеріміздің қай-қайсысы да сахна мәдениетін меңгеруге
тырысып бағуда»,
-дейді.
Евгения
Пермякова, «Менің
жұлдызды сәтім» жобасының қоюшы режиссері:
Біз
образдарды талдаймыз. Қатысушыларға кейіпкерлердің көңіл-күйін, мінез-құлқын
жеткізуді үйретеміз. Сөйтіп, қойылымды көпшіліктің алдына алып шығуымыз қажет.
Әуесқой
әртістердің ән орындау шеберлігін театрдың концертмейстері шыңдайды. Сахнада
Теодор, ал өмірде жай ғана жарнама маманы Александр опера айтып үйренуде.
Әдемі
киімдерге сәнді шаш үлгісі ғана жетіспей тұрған сияқты. Ойнақы опереттаға
дайындық салмақты. Жоба авторларының пайымынша,
қойылымға қатысушылардың арасынан өнерге түбегейлі бет бұратындардың
табылуы да ғажап емес. Комедиялық жанрдағы қойылым сәуір аяғында көпшілік
назарына ұсынылады. Айта кетейік, бұл еңбектері үшін қарағандылықтар жалақы
алмайды. Көрермен ықыласы бәрінен қымбат.
Айжан ҚУАШ