$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Қызылордада кәсіпкер мен сот кеңсесі арасында дау туды

AstanaTV
04.02.2016ж. 20:00
1514
Қызылордада кәсіпкер мен сот кеңсесі арасында дау туды

Көршілер дауы. Қызылордада сот кеңсесінің қасында орналасқан букмекерлік кеңсе сүрілетін болды. Себебі тым жақын тұр. Ал бұл жерді жалға беріп отырған кәсіпкер соттың үкімімен келіспейді. Көршілер неге сыйыспады? Шарипа Сақтапова тақырыпты тарқатып айтады.

Сот ғимаратына көрші, орталық алаңға жақын ұлтарақтай жерді Светлана Когай 2000 жылы сатып алған. Гүл сататын дүңгіршек ашқан. Кәсіпкердің ресми өкілі бұл бизнес ұзаққа созылмағанын айтты. 2012 жылы дүңгіршікке кішігірім жөндеу жүргізіліп, тәулік бойы істейтін букмекерлік кеңсеге жалға берген. Жаңа көршілеріне қырын қараған облыстық сот кеңсесі қалалық сәулет және құрылыс бөліміне шағымданған. Олар дауға айналған нысанды тексеріп, павильонды рұқсатсыз жабдықтаған деп сотқа береді. Сот оны бұзуға шешім шығарыпты.

Вера Макарушко, кәсіпкер С.Когайдың адвокаты:

Ол жерді кезінде әкімшіліктен сатып алды, құрылысқа рұқсатын алып, коммерциялық ғимарат тұрғызды, бизнесін жүргізді. Барлығы заңды. Бұл ғимаратты неге заңсыз деп тауып отырғандарын түсінбедім. Соттың барлық отырыстарына қатыссам да, осы шешімді түсінбей-ақ қойдым. Бұл кісіні меншік құқығынан айырып отыр.

Сотта Светлананың құқығын қорғаған жергілікті кәсіпкерлер палатасының өкілі де дүңгіршекті бұзу туралы шешімді түсіне алар емес.

Салават Құлмахан, Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

Жеке кәсіпкер ғимаратты жылыту жұмыстарын жүргізген. Қалалық сотта бұл іс қаралғанда, әкімшілік пен өкілетті органдардың өкілдері сол жұмыстарды қайта құру жұмыстары жасалған деп есептеді. Атап айтқанда, әжетхананы ғана алып тастады. Енді соны негізге алып қана, бұл ғимаратты жойып тастамақ. Тәжірибемде алғашқы рет осындай жағдаймен кездесіп тұрмын. 

Судья Нұрлан Еламанов қалалық сәулет және құрылыс бөлімі ғимараттағы заңсыздықты 2013 жылы тапқан деп отыр. Алайда шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторий заңсыздықты әшкерелеуге қолбайлау болды. Тек өткен жылдың жазынан бастап, мәселе ашық қаралғанын жеткізді.

Нұрлан Еламанов, Қызылорда облыстық ауданаралық экономикалық соттың судьясы:

Гүлдер павильонын салуға рұқсат берілген нысанның өз бетінше жауапкер тарапынан ғимаратты өзгертіп, нысаннын пайдалануын өзгертіп, басқа мақсатта пайдаланып жатқаны анықталды. ТЖ тексеру барысында аталған ғимараттың бас жағында ара қашықтық 2 метрдей болса, аяқ жағындағы қашықтық - 3 метр. Яғни өрт болған жағдайда ғимаратқа арнайы техникалардың келуіне кедергі келетіндігі анықталып, сол дәлелдер негізінде ғимаратты бұздыру жөнінде шешім қабылданды.

Судьяның айтуынша, жер тілімі кәсіпкердің меншігінде қалады. Нысанды бұзу туралы шешімді апелляциялық, кассациялық соттар да өзгеріссіз қалдырыпты. Кәсіпкердің ендігі үміті Жоғары сотта.

Шарипа САҚТАПОВА