Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Түркияда Наурыз мерекесі тойланып жатыр

AstanaTV
26.03.2015ж. 13:00
2011
  Түркияда Наурыз мерекесі тойланып жатыр

Жыл басы Наурыздың келуіне орай, биыл алғаш рет Түркияда түркі халықтары бас қосты. Олар ортақ мерекені бірлесе атап өтуде. Әр мемлекет өзінің әдет-ғұрпын көрсетіп, айналаны ән мен күйге бөледі. Мерекені тамашалаған Түркиядағы тілшіміз Самат Сүлейдің репортажы.

Ұлт пен ұлыстың басын қосып, бауырмалдыққа шақыратын Наурыз мерекесі Түркияда да кеңінен тойлануда. Алайда бұл мереке әлі де ресми мерекенің қатарында жоқ. Дегенмен, жыл сайын қанатын кеңге жайып, ұлыстың ұлы күнін атап өту түркі халықтарының арасында бұқаралық сипат алып келеді.

Африкалықтардан бөлек, Индонезия, Пәкістан елдерінің өнерпаздары да мерекемен құттықтай келіпті. Мерекелік шарада әр ел өзінің ұлыс күні орындалатын салт-дәстүрімен таныстырды. Мәселен, түріктерде түрлі-түсті жұмыртқаны бір-біріне соғыстырып, темірді ұру дәстүрі ежелден бар. Түркі тілдес халықтар мерекеге көрік берген осындай үрдістерге дән риза.

Эмин Игит:

Тарихы мен дәстүрі ортақ елдердің арасында Наурыздың орны бөлек. Ол біздің татулығымызды арттыратын мереке. Әсіресе, жастар жағы бауырлас елдердің мәдениетімен жақын танысып, тарихын терең білетін болады.

Светлана Қожақұлова:

Осы шараны естіп, арнайы Измир қаласынан Ыстамбұлға келіп тұрмыз. Мереке жақсы өтіп жатыр. Өзіміздің ән-күйімізді естіп, байрағымыз бен қазақтарды көріп бір марқайып қалдық.

Түркі тілдес елдердің қатысуымен өткен наурыз мейрамы Ыстамбұлдың бірнеше жерінде ұйымдастырылды. Зейтінбұрны ауданындағы түркиялық қандастарымыз да қарап қалмай, ұлттық астарынан дәм татырып, ұлттық дәстүрден мағлұмат берді.

Қатипа Әділбайқызы:

Мен осы жердің қазағы ретінде Наурыз мерекесін дәстүрге сай, қазақ жолымен жүргізіп жатырмыз. Осындай Қазақстан еліндегі қандастарымызға дұғай сәлем жолдаймын.

Осылайша, ырыс пен ынтымақтың, бірлік пен берекенің мерекесін, түркі жұрты бір атаның баласындай атап өтті.

Самат СҮЛЕЙ