Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтаудағы атышулы планшет зауыты сатылымға шығарылады

AstanaTV
26.03.2015ж. 20:00
1657
Ақтаудағы атышулы планшет зауыты сатылымға шығарылады

Ақтаудағы атышулы планшет зауыты ақыры сатылатын болды. Бұл туралы «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасы Ибрагим Тағашев хабарлады. Оның айтуынша, зауыт бір айдан соң саудаға шығарылады. «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кәсіпорын мен ондағы қондырғылар активінің 91 пайызына ие. Әлеуметтік корпорация зауыт саудасынан 200 миллион теңгедей пайда көруді жоспарлап отыр. «Оның 80 миллионы несиелік қарызды жабуға жұмсалады. Ал 120 млн теңгені мемлекетке қайтарамыз», - деді корпорацияның басқарма басшысы.

Ибрагим Тағашев, «Каспий ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Ондағы қондырғылар пайдаланылмайды, яғни біз планшет шығармаймыз. Зауыттың орналасқан жері Арнайы экономикалық аймаққа енеді. Сәйкесінше, ол аумаққа барлық коммуналды қызмет тартылған. Ол жерге мұнай сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындарды шоғырландыруға дайынбыз. 

Еске салайық, 2011 жылы Ақтауда индустрияландыру аясында электронды техника түрлерін шығаратын зауыт ашылған болатын. Кәсіпорында жылына  67 мың планшет, 40 мың теледидар және 43 мың монитор шығару жоспарланды. Алайда, олардың бірде-біреуі шығарылмай, зауыт ісімен қаржы полициясы айналысты. Тексеріс барысында 600 миллион теңгеге жасақталған құрылғылардың бар-жоғы 20 миллионға алынғаны белгілі болды. Техникалық сипаттамаларына сай, құрылғылар планшет құрауға арналмаған. Осының нәтижесінде жоба сәтсіз деп табылды.  

Данияр ӘЛІМҚҰЛ