Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Астана» арнасында «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің батырлары» жобасы көрсетіледі

AstanaTV
30.03.2015ж. 20:00
1130
«Астана» арнасында «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің батырлары» жобасы көрсетіледі

Мамырда «Астана» арнасында «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің батырлары» жобасы көрерменге жол тартады. Ұлы жеңістің 70 жылдығына арналған жобаны «Еуразиялық топ» компаниясының қолдауымен «Нұр Отан» партиясы әзірлеуде.

6-7 минуттан тұратын 70 бейнероликте 530-дан аса қазақстандық ардагер туралы деректер қамтылады. Деректі роликтерде бұрын-соңды жарияланбаған мұрағат материалдары қолданылмақ. Әрі тележоба соғыс жылдары шыққан қазақстандық композиторлардың музыкалық шығармаларымен әрленеді. Бейнеэнциклопедиялар 7 мамырдан бастап қазан айына дейін «Астана» арнасынан көрсетіледі. Бейнероликтер kaharman.kz сайтында да жарияланып, батырлар өмірі туралы мағлұматпен көпшілік назарында болады.

Әсет Абдуалиев, «Нұр Отан» партиясы саяси менеджмент мектебінің директоры:

Батырлардың соғысқа дейін, соғыста, соғыстан кейін не істегені туралы көрсетеміз. Осы жоба тек қана 9 мамырда көрсетілетін жоба емес. Жобаның идеясы - біздің батырларымыз туралы жастар көбірек ақпарат алса деген. Бізден кейінгі ұрпақ үшін арналған жоба.

Батырлардың ерлігін, өнегелі өмірін дәріптеуге арналған жобаны әзірлеуге кәсіби мамандар жұмылдырылған. Сценарийстер, режиссер мен тарихшылар қазір Алматыда жұмыс істеп жатыр. Түсірілімдер 4 сәуірде басталады. Жоба режиссері аталмыш жобада тың деректер болады деп сендірді.

Жасұлан Пошанов, «Қазақстандықтар - Ұлы Жеңістің батырлары» жобасының режиссері:

Бұл проектің ерекшелігі - мұндай бұрын жасалған емес Қазақстанда. Әр батырымызды, Кеңес Одағының батырын мұншалықты қатты зерттеп, көрсеткен емес. Біз жаңаша бір тақырыптарды ашуға, тың деректерді көрсетуге тырысамыз.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ 

Алдыңғы жаңалық