Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының халқы көшірілуі мүмкін

AstanaTV
31.03.2015ж. 10:00
1250
Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының халқы көшірілуі мүмкін

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының халқы өзге жаққа көшірілуі мүмкін. Осыған орай, тұрғындардың пікірі тыңдалып, олардың арасында сауалнама жүргізілуде. Мұндай ақпарды Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратты.

Березовка халқына алдағы екі жылда Бөрілі, Аралтал ауылдары мен Ақсай қаласына көшу ұсынылған. Мұнымен келіскен отбасыларға баспана беріліп, жер телімін бөлу де қарастырылмақ. Бұған Қарашығанақ кенішіндегі қайта жаңғырту жұмыстары себеп болған сыңайлы.

Бірақ әкімдік өкілі бұл жұмыстар әзірге тек жоба екенін ескертті.

Қайрат Әбуов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

Березовка ауылы санитарлық аумаққа жақын орналасқан. Қазір бұл аумақты ұлғайту туралы құжаттар әзірленуде. Егер ауыл осы аумаққа кіріп кетсе, онда көшіріледі. Бірақ мұның барлығы тек жоба күйінде ғана. Сондықтан, тұрғындардың түсіністік танытуын сұраймыз.

Былтырғы күзден бері Березовка ауылының басынан дау арылмай келеді. Мектеп оқушылары бірінен соң бірі аяқасты есінен танып құлаған болатын. Бұл жағдай әлі күнге дейін қайталанып отыр. Бұған ата-аналар ауыл іргесіндегі Қарашығанақ кенішін кінәлайды.

Мамандар жүргізген зерттеу жұмыстары ауылдағы санитарлық жағдайдың қалыпты екендігін анықтап берді. Бірақ тұрғындар мұнымен де келіспей, жан-жаққа шағымдануын тоқтатар емес.

Еркін КАРИН 








Алдыңғы жаңалық