Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Бендиден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

AstanaTV
01.04.2015ж. 20:00
1096
Бендиден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Бендиден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Ширек финалда Беларусь командасымен сынға түскен отандастарымыз 26-8 есебімен жеңіске жетті. Тақырыпты Самат Қанағатов тарақатады. 

Ресейдің Хабаровск қаласында допты хоккейден әлем чемпионаты жалғасуда. Әлемнің үздік командаларының қатарынан орын алған Қазақстан құрамасы жартылай финалға жолдама алды. Ширек финалда қазақ елінің хоккейшілері Беларусь командасымен кездесті. Кездесу басынан ойын тізгінін қолдарына алған отандастарымыз қарсылас команданың қақпасына допты қарша боратты. Бұл сәттерде мергендігімен танылған Рауан Исалиев, Павел Дубовик және Денис Слаутин командаластарының қошеметіне бөленді. Қысқасы бірінші кезең қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 17-5 есебімен алға шығып, әлем рекордын жаңартты. Үзілістен тынығып шыққан Алексей Никишовтың шәкірттері Александр Баранов қорғаған қақпаға тағы да 9 доп соқты. Өз кезегінде үш голмен жауап берген Беларусь командасы ірі есеппен ұтылып, жартылай финал жолдамасынан құр алақан қалды. Енді жартылай финалда Қазақстан құрамасы Ресей және АҚШ командалары кездесуінің жеңімпазымен ақтық сын жолдамасын сарапқа салады.  



Футболдан жолдастық кездесу өткізген Қазақстан және Ресей құрамалары 0-0 есебімен тең түсті. Тең есеп - Қазақстан құрамасы үшін жаман нәтиже емес. Дегенмен, бұл ойында сүреңсіз өнер көрсеткен алаң иелерін ұтып кетуге мүмкіндік болды. Амал нешік, Юрий Красножанның шәкірттері өздеріне берілген мүмкіндікті жүзеге асыра алмады. Фабио Капелло кездесу барысында жастардың деңгейін байқап көрді. Десе де, Ресей футболының болашағы саналатын жас футболшылар білікті бапкердің үмітін ақтай алмады. Қорғаныста жиі қателесіп, шабуылды аяғына дейін жеткізе алмаған Ресей командасы Қазақстан құрамасының қақпашысы Стас Покатиловтан айласын асыра алмады. Онсыз да соңғы жылдары халықаралық аренада сылбыр қимылдап жүрген Ресей құрамасы кездесу аяқталғаннан кейін жергілікті БАҚ өкілдері тарапынан қатты сынға алынды.

Естеріңізге салайық, 2008 жылы Ресей командасы Қазақстан құрамасын 6-0 есебімен ұтты. Ал араға 7 жыл салып, екі команданың деңгейі теңескен сыңайлы.  

Самат ҚАНАҒАТОВ