$543.24 €619.89 ₽6.78
×

«Қаз қонақ» табиғи ескерткіші ЮНЕСКО қорғауындағы құндылықтар санатына енбек

AstanaTV
03.04.2015ж. 20:00
8658
«Қаз қонақ» табиғи ескерткіші ЮНЕСКО қорғауындағы құндылықтар санатына енбек

Павлодардағы «Қаз қонақ» енді бірде «Құс өткелі» деп аталатын аумақ биліктің қайта назарына ілінді. 30 млн жылдық тарихы бар тарихи орын ЮНЕСКО-ның қорғауына өтуі мүмкін. Сөйтіп, бірегей аумақ өңірдің туристік кластерін дамыту жоспарына еніп отыр. Жоба жүзеге асса, күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан көз ашпайтын палеонтологиялық мұра, әлем үшін маңызды орталыққа айналмақ. Әсіресе, бұған археолог мамандар риза. Тақырыпты көне тіршіліктің айғағын өз көзімен көрген тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы тарқатады. 

«Құс өткелі» табиғи ескерткіші төңірегіндегі әңгіме өткен ғасырдың 60-шы жылдарында басталған. Алайда, белгісіз себептермен бұл мәселе бүгінгі күнге дейін шешілмей келді. Бірер жыл бұрын жергілікті әкімдік аталған аумақты ашық аспан аясындағы мұражайға айналдыру қажеттігін көтерген болатын. Тек, ол жолы да жоба сөз жүзінде қалған-ды. ЮНЕСКО-ның араласуы жылдарға созылған ахуалға жан бітірер, деп сенеді археологтар.

Павлодарлық археолог Георгий Пересветов аптасына бір рет «Құс өткеліне» соқпаса, көңілі көншімейтінін айтады. Сондағы мақсаты - құнды табиғи ескерткіштің жағдайын бақылауында ұстау. Маңайды барлап, жиналған күл-қоқыстан тазартады. Егер ахуал осы қалпынан өзгермесе, әлем тарихи палеонтологиялық қазынадан айрылып қалуы мүмкін деп қынжылады. 


Георгий Пересветов, археолог:

Бұл жерде инфрақұрылым жоқ. Оның үстіне, осы маңда ескерткіш бар дегенді көрсететін бірде-бір белгі қойылмаған. Сүйектердің қалдығы жатқан қабатқа түсу де қиын. Өйткені жардың ылдиы тік, өте ыңғайсыз.

Табиғи мұра Ертіс өзенінің оң жағалауында орналасқан. Алғаш оны 1928 жылы мәскеулік палеонтолог Юрий Орлов ашты. Қазба жұмыстары кезінде аумақтан мыңдаған көне жануардың сүйектері табылды. Көне дәуірдің айғағы - құнды қалдықтарды жер қыртыстарынан қазір де кездестіруге болады.  

Вот сам этот костеносный слой. Вот, хорошо видно. Косточки торчат из земли. Чьи конкретно, сейчас сложно сказать -они обломаны. Но основная часть костей принадлежит, конечно, гиппариону. Очень много. 

Жуырда павлодарлық археологтар жағымды хабар алды. Бұл ескерткіш ЮНЕСКО-ның қорғауына алынатын болды. Әлемдік мәдениет және табиғи құндылықтар санатына қосылса, тарихи мұраның жанданары анық. Шыны керек, аумақтың қазіргі ахуалы мәз емес. Жиналған күл-қоқыс өз алдында, ескерткіштің қауіпсіздік жағдайы да сын көтермейді. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында, жергілікті билік палеонтологиялық қазынаны өңірдің туристік кластерін дамыту жоспарына енгізген.

Салтанат Нұрмағамбетова, Павлодар облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы бөлімінің жетекшісі:

Алдымен аумақты қоршап, үш тілде ақпараттық тақтайшалар қоямыз. Сосын көне жануарлардың макеті қойылған сквер орнату жоспарда бар. Болашақта Үкімет алдына ашық аспан астындағы мұражай ашу туралы ұсынысты көтеретін ойымыз бар. Сөйтіп, аумақ туристерге тартымды орынға айналады.

«Құс өткелін» жандандыру жұмыстарына қомақты қаражат қажет. Тиісті қаржы бөлінсе, жоба 2016-2018 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Ал Дүниежүзілік тарихи мұралар тізіміне ену мәселесі алдағы 5 жылдың еншісінде, - дейді шенеуніктер. Бүгінде Қазақстанның үш нысаны Халықаралық қорғауға алынған. Олар - Ахмет Яссауи мавзолейі, Тамғалы тас алқабы  және Қорғалжын-Назым қорықтары.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ