Қарағанды облысында 33 елді мекенді су басты. 4 мыңнан астам адам мектептер
мен қонақүйлерге көшірілді. Кейбіреулері туыстарының үйіне орналастырылған.
Елді-мекендерде суды бөгеу, қарды сыртқа тасу, бөгеттер қою жұмыстары жүріп
жатыр. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент дерегінше, аймақтағы өзендер
тасып жатыр. Өңірдегі төтенше ахуалға орай облыс әкімнің бұйрығымен жедел штаб
құрылып жұмысқа кірісті - деп, Қарағанды облыстық әкімдігі ішкі саясат
басқармасы хабарлады. Осы ақпаратқа сүйенсек, су тасқынына қарсы
шараларға150-ден астам адам жұмылдырылған. Олар ТЖ мамандары, құқық қорғаушылар
мен әскери бөлім қызметкерлері.
Сондай ақ 300-ге жуық техника тартылды. «Су тасқынына қатысты жүргізіліп
жатқан шаралар сағат сайын хабарлануда. Күн сайын облыс аумағы жоғарыдан
бақыланады.Зардап шеккендердің барлығы есепке алынды, материалдық көмек
көрсетіледі», -деп хабарлайды әкімдік өкілдері. Ал төтенше жағдайлар қызметінің
мамандары жағдайдың күні-түні бақылауда екенін айтуда. Тасқыннан келген шығын
көлемі туралы әзірге дерек жоқ.
Мұрат Қатпанов, Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары:
Негізгі ауыртпалық аумағынан Нұра өзені ағып өтетін Нұра ауданына түседі.
Себебі оған қосымша тағы бірнеше өзен келіп құйылады. Сондықтан, жағдайдың
айтарлықтай күрделі боларына дайындалып отырмыз. Қазір Сарысу өзенінің суы
бойынша жағдай толық шешілген жоқ. Ол жерде судың ең үлкен легі осыдан екі күн
бұрын келді.Шамамен 500 текше метрдей, бұл өте көп.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ