$529.7 €545.96 ₽5.17
×

Қазақстан мен Ресей арасында сауда соғысы жоқ

AstanaTV
13.04.2015ж. 20:00
1303
Қазақстан мен Ресей арасында сауда соғысы жоқ

Қазақстан мен Ресей арасында сауда соғысы жоқ. «Астана» телеранасының сұрағына жауап берген Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев осылай дейді. Ресейлік «Роспотребнадзор» қазақстандық бірқатар өнімге тыйым салып, сөрелерден алдыртуы осындай күдікке түрткі болды. Ал бұның алдында қазақстандық эпидемиологтар ресейлік ет пен сүт өнімдерінен ішек таяқшалары мен өзге де сәйкессіздіктерді анықтап, сатуға тыйым салған еді. Ресейліктердің әрекетін қазақ әріптестеріне берген жауабы ретінде бағалауға бола ма? Айгүл Әдепбай толықтырады.

Қазақстан мен Ресей сауда соғысын жүргізіп жатыр деген ақпарат ғаламторды бұрқыратты. Алайда шулауға негіз жоқ деп Ұлттық экономика вице-министрі басу айтты. Бұл жекелеген жағдай. «Саясатпен байланыс ізденудің қажеті жоқ», - дейді Қайырбек Өскенбаев.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Қазақстанның Ресейге қатысты немесе, керісінше, Ресейдің Қазақстанға қатысты позициясы жоқ. Біздің сөрелерге сапасыз тауарын жеткізіп жатқан жекелеген кәсіпорындар ғана бар. Ол қазақстандық кәсіпорын, ресейлік, америкалық немесе ағылшындық кәсіпорын болуы мүмкін. Айырмашылығы жоқ. Біз дастарханымызға сапасыз өнімді жібермейміз. Сондықтан Ресей деп емес, «Иванов» немесе «Мыржықбаев» серіктестігі тауарын сапасыз жасады, сондықтан біз оны саудадан алып жатырмыз деп айту керек. Ал біз барлығын мемлекетаралық саясатқа айналдыруға әуеспіз.

Бұған дейін, яғни сәуірдің басында, қазақстандық эпидемиологтар Ресейде өндірілген ірімшік пен сүт өнімдерінен ішек таяқшаларын тапты. Сүт өнімдерінің 400-ге жуық сынамасы зерттелген. Нәтижесінде 82 сынама бойынша өнімдер жеуге жарамсыз танылды. Барлығы айналымнан 2 тонна 529 литр сүт өнімі тәркіленді. Қауіпті өнімдер сауда нүктелерімен қоса, қоймалардан да алынды. Ішек таяқшалары Ресей ғана емес, Қырғызстаннан жеткізілген сүт өнімдерінен де шыққан.

Әлиақпар Мәтішев, ҚР ҰЭМ тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің төрағасы  (03.04.2015ж.):

Бұл Ресейдің «Юнимилка», «Даноны», «Вимбильдан» сосын Қырғызстаннан «Бишкек-сүт» деген компанияларының тағамдары. Өнімдер микробиологиялық және ішкі таяқшаларға сәйкес келмейді. Сол себептен бұл ірімшік, сүт өнімдерге тыйым салдық сатуға. Бұл Астана қаласы бойынша, Қызылорда қаласы, сосын Ақмола облысы, Алматы облысы - осы облыстар бойынша.

Ресейлік «Роспотребнадзор» да қарап қалмады. Жауап ретінде бірқатар қазақстандық сүт өнімдерінен сәйкессіздіктер тауып, өз сөрелерінен сырып тастады. Қара тізімге сүт өнімін өндіріші «Лидер2010», «Деп», «Айс плюс» серіктестіктері мен бақшалық шаруашылықпен айналысатын «Дихан сауда» серіктестігі ілікті. Ресей тарапы жеміс-жидек және кептірілген жемістер құрамында нитраттар көп дегенді алға тартты. Ал ақтөбелік сүт өнімін өндіруші компанияның айранынан ішек таяқшасын тапса керек. Алайда ақтөбелік кәсіпкер айранының барлық талаптарға сай екенін айтып азар да безер.

Мұрат Итеғұлов, «АЙС ПЛЮС» ЖШС директоры:

Біз Орынбор облысына шығарамыз тауарларымызды. Ал әлгі ақпаратта тіпті қай облыста анықталғаны түсініксіз. Бұл саясат қой. Бізге келетін ресейлік тауарларға тиым салынғасын, олар да осындай жауап қатып отыр. Бұл Қорған облысында болған жағдай көрінеді. Біз болсақ, ол жерде сауда жасамаймыз. Біз аптасына бір рет Газельмен көршілес облысқа жеткіземіз. Оның өзінде аз көлемде. 

Көрші ел Рудный қаласынан шығатын сүт өнімдерінің сапасына мін таға алмағасын, Ресейде тұтынушылар шағымын қабылдайтын өкілдігі жоқ деген желеумен, өнімдерді сөреден алдыртқан. Отандық өндірушілерге хабарласқанымызда, олардың кейбірі жауап беруден тартынды.

Қазақстандық фермерлер одағы бұл біздің құзырымыздағы сұрақ емес деп ат тондарын ала қашты. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да әзірге өз позициясын аңғарта қоймады. Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков тілшілерге өз ойын білдірген.

Дмитрий Песков,  РФ президентінің баспасөз хатшысы:

«Менің ойымша, бұл асыра сілтігендік. Нақты не болып жатқанынан ақпаратым жоқ. Дегенмен, тауарлық соғыс деген атаулар қисынсыз деп ойлаймын».

Талапқа сай емес деген себеппен жүргізілген екі жақты тыйымдар осы азық-түлік өнімдерімен шектелді. Басқа тауарлар бойынша алыс-беріс әзірге экономиканың ырқында.

Айгүл ӘДЕПБАЙ