$525.87 €614.37 ₽6.72
×

«Ислам мемлекеті» ұйымына қосылмақ болған үш оралдық сотталды

AstanaTV
16.04.2015ж. 13:00
1289
«Ислам мемлекеті» ұйымына қосылмақ болған үш оралдық сотталды

Оралда әсіре діншіл содырларға қосылмақ болған үш азамат сотталды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. Радикалды діни көзқарастағы  жігіттер Сирия мен Ирак жерінде соғысуға дайындалып, өздерін «Ислам мемлекеті» ұйымына қосылуды жоспарлаған. Тергеу материалдары бойынша, олар радикалды жолға үндейтін діни әдебиеттерді оқып, тіпті қол телефонмен басқарылар жарылғыш құрылғыны құрастыруды да үйренген. Сирияда соғысып жүрген жерлестерімен де ғаламтор арқылы байланысып, елден кету жолдарын пысықтаған.

Алайда, жат жерде қан төгуге асыққандар алысқа ұзамады. 2014-жылдың қарашасында шекарадан заңсыз өткен үшеуді шекарашылар қолға түсірді. Шекараны заңсыз кесу және шетелдегі әскери құрылымға қосылуға әрекеттену айыбы бойынша олар енді 3 жыл 6 айға сотталды. Жазаны жалпы режимдегі түзету колониясында өтейді.

Қайыржан Қайырғалиев - БҚО Прокуратурасы екінші басқармасының аға прокуроры:

Тергеу амалдары Ұлттық қауіпсіздік  органдарымен жүргізіліп, қылмыстық іс  жаңа процестік кодекс заңнамасына сай, процесуалдық прокурормен сотқа  жолданып, соттың қарау нәтижесімен ҚР ҚК  24-бабының  1-бөлімі, 172-бабы және 392-бабының  1-бөлімі бойынша  кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Қазіргі таңда сот үкімі  заңды күшіне  енген жоқ. Аталған тұлғалар шағым беруге құқылы.

Еркін КАРИН