Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Құрсай шағын ауданында 800-дей отбасы ауыз судан таршылық көріп, жолға жарымай отыр

AstanaTV
21.04.2015ж. 20:00
1128
Құрсай шағын ауданында 800-дей отбасы ауыз судан таршылық көріп, жолға жарымай отыр

Шымкентте 800-ге жуық отбасы ауыз судан таршылық көріп отыр. Құрсай шағын ауданы аумағындағы 149-шы орамда тіршілік нәрімен қатар, көгілдір отын мен жол да жоқ. Осыдан 10 жылдай бұрын қоныстанған тұрғындардың айтуынша, атқамінерлерден мардымды жауап жоқ. Ал жергілікті әкімдік өкілдері бұл аумақтың күні кешеге дейін Сайрам ауданына қарап келгенін көлденең тартып отыр. Мәселенің жай-жапсарын тілшіміз Айзада Төребекқызы біліп қайтты. 

Жасы алпысты алқымдаған Саламат Күзенбаеваның уақыты су тасумен өтеді. Ауыз суды әлі күнге көршілерінен ақшаға сатып алады екен. Өзі осыдан 8 жыл бұрын отбасымен Өзбекстаннан қоныс аударған.

Саламат Күзенбаева:

Суды таси беріп, сегіз жылдан бері шаршадым. Өзім белім ауырады. Міне, су мәселесін ыдыс-табақ жусақ та, сәл тазарақ су болса, кейінгі ыдысымызды жуамыз. Шымкентте тұрды дегеніміз болмаса, біз ешқандай жағдайымыз жоқ. Қиналып жасап жатырмыз.

Тіршілік нәрінен тапшылық көрген жұрттың жағдайы келгені ауласына мынадай темір бөшкелерді қойдырып алған. Үш мың теңгеге сатып алған суды жарты айға әзер жеткіземіз, дейді. Оның өзі қыстың күндері қатып қалатын болса, жаздың күндері тіпті құрттап та кетеді, дейді тұрғындар.

Бөшке сатып алуға мүмкіндігі жоқ тұрғындар өзге көшелердегі көршілердің үйін жағалайды. Тұрып қалған суды қайнатып ішіп амалдап отырғанын айтып ашынады. Құрсайда жібі түзу жол да жоқ. Жауын жауса, балаларымыз белуардан балшыққа батады,- дейді тұрғындар. Ал электр жарығына тым қымбат ақы төлеп отырғандарын айтады. Өйткені трансформатор жекенің қолында. 

Ербол Сағындықов:

Осы 790 учаскеде үшеуі де жеке трансформатор. Сол трансформатор мәселесін мемлекет өз қарамағына алып, біздерге өкіметтің жарығы  ертерек берілсе.

Құрсайдағы 149-шы орам 2014 жылдың қаңтарына дейін Сайрам ауданы аумағында болған. Былтырдан бері Шымкенттің Бас жоспарына сай қалаға өтті. Жергілікті атқамінерлер бұл ауданнан ілесе келген мәселе дегенді көлденең тартып отыр.

Нұрлан Жаманкөз, Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

2016-2017-де осы екі жылдың аралығында свет мәселесі Құрсай елді мекенінде толық шешу күтілуде. Ауыз су бойынша айтсақ, кірмей қалып кеткен ауыз судан, жобаға кірмеген көшелерді толық қамтимыз деп, 2015-те біз ұсыныс береміз жобалық сметалық құжаттарға.

Әзірше көңілге медеу болып тұрғаны көгілдір отын. Нұрлан Жаманкөздің айтуынша, табиғи газдың құбырлары жер астымен тартылып қойған. Әкімдік өкілі осы жаздан қалмай құрсайлықтар табиғи отынға қосылады деп қуантты.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ