Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Тасқынның әлегінен үйлерін тастап шыққан тұрғындардың тіршілігі өз арнасына түсе бастады

AstanaTV
21.04.2015ж. 20:00
1003
Тасқынның әлегінен үйлерін тастап шыққан тұрғындардың тіршілігі өз арнасына түсе бастады

Тасқынның әлегінен үйлерін тастап шыққан тұрғындардың тіршілігі өз арнасына түсе бастады. Еліміздің 5 облысында қауіпсіз жерлерге көшірілген 16 мыңдай адамның 13 мыңнан астамы баспанасына оралды.

Екі жарым мыңға жуық үй су астында қалған болса, бүгінде 2 173 үйді басқан судың беті қайтты. Күре жолдардың су шайған 77 учаскесі қалпына келтірілді. Алайда Нұра өзенінің Ақмола облысы аумағындағы арнасында әлі де су көтерілу қаупі бар. Төтенше жағдайлар комитетінің мәлімдемесіне сәйкес, Қорғалжын ауданындағы Ұялы, Өркендеу, Садырбай мен Алғабас ауылдарын су шаюы мүмкін.

«Астана» арнасының тілшілеріне кеше түнде Астана маңындағы Қараөткел елді мекенінің тұрғындары хабарласқан еді. Олар «ауылға су келе жатыр» деген хабар жетіп, халықтың түн ортасында үдере көшіп жатқанын жеткізген. Алайда, комитеттің хабар беру және халықты оқыту бөлімінің басшысы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Қауіпті аумақтардағы елді тек ресми хабарламаларға құлақ асуға шақырды.

Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитеті хабар беру және халықты оқыту бөлімінің басшысы:

Қараөткел ауылында өткен тәулікте адамдардың эвакуациясы өткізілген жоқ. Алайда елді мекендердің тұрғындары өздерінің туыстарына қарай жөнелді. Нақты болжам болса, алдын ала эвакуация жүргізіледі.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ