Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Таразда «телефон терроры» деген күдікке ілінген азамат ұсталды

AstanaTV
22.04.2015ж. 20:00
2410
Таразда «телефон терроры» деген күдікке ілінген азамат ұсталды

Таразда «телефон терроры» деген күдікке ілінген азамат ұсталды. Ол жүйке аурулары диспансерінде есепте тұрған 22 жастағы тұрғын. Кеше түнгі сағат он бір жарым шамасында 102 нөміріне белгісіз біреу қоңырау шалып, «базар ішіне бомба қойылғанын» айтады. Арада 6 минут өтісімен, қайта қоңырау соғып, бомба облыстық жүйке аурулары диспансерінде деп, елді одан әрі дүрліктірген.

Тараздық сақшылардың жалған қоңырауларға еті үйреніп кетсе керек, аурухана маңында эвакуация жұмыстарын жүргізбеген. Ал базар ішінде түнгі уақытта адам болмайтындықтан, көшіру шаралары қажетсіз деп тауыпты. Саперлердің бір сағаттан аса уақыт жүргізген жедел іздестіру жұмыстары барысында екі нысаннан да күдікті зат табылмады.

Ал бүгін таңертең жалған ақпар беруші ұсталды. «Анықталғандай, күдікті облыстық жүйке аурулары ауруханасында 2007 жылдан бері есепте тұрған. Енді ол сот шешімімен қосымша емдеу орнына жіберілуі мүмкін», - дейді облыстық ІІД баспасөз хатшысы.

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Қазіргі таңда осы қылмысты жасаған 1993 жылы туылған күдікті құрықталды. ҚР ҚК «Террорлық акт жайлы жалған ақпарат тарату туралы» 273-бабымен сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ 

Алдыңғы жаңалық