$518.97 €607.3 ₽6.64
×

ҚР Сыртқы істер министрлігі Непалдағы 17 қазақстандықпен байланыс орнатты

AstanaTV
28.04.2015ж. 20:00
1915
ҚР Сыртқы істер министрлігі Непалдағы 17 қазақстандықпен байланыс орнатты

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі 8 баллдық жер сілкінісінен зардап шеккен Непалдағы 17 отандасымызбен байланыс орнатты. Өткен сенбіде болған жер асты дүмпулерінің салдарынан қаза тапқандар саны 4 мыңнан асты. Апат орнында Непалдан бөлек 6 мемлекеттен көмекке жеткен құтқарушылар, қирандылар астынан қаза тапқан адамдардың денелерін әлі де тауып жатыр. Непал билігі адам шығынының көптігінен мәйіттерді тапқан жерінде кремациялауға шешім қабылдады.

Непалда қас-қағым сәтте мыңдаған адамның өмірін жалмаған жер сілкінісі салдарымен күрес әлі де жалғасуда. Ресми дерек бойынша, апаттан қаза тапқандардың саны 4350-ге жетті. Сандар артуы мүмкін. Себебі қирандылар астында қалған адамдардың денелерін алып шығуға афтершоктар кедергі келтіруде. Адам шығынының көптігінен, ел билігі тәулік бойы кремацияға кірісті.

Кашинат САШТРИ:

Кремация таңертеннен басталды. Непал үкіметі мейіттерді өртеуді 24 сағат бойы жүргізуге шешім қабылдады. Әскер қажетті отын жеткізіп, табылған денелер сол жерде өртелуде.

БҰҰ дерегінше, жел сілкінісінен зардап шеккендердің саны 8 млн. Түрлі жарақатпен дәрігерлік көмек сұрап келушілердің де саны күн санап артуда. Қазір апат орнында Непалмен бірге Қытай, АҚШ, Канада, Австралия, Жапония және Шри-Ланка құтқарушылары қызмет етуде.

Шредхар Ариял, аурухана қызметкері:

Әзірге күшіміз жетіп жатыр, алайда түсіп жатқан адамдар саны артуда. Егер осылай жалғасса, жағдай қиындағалы тұр. Кереует орындары жетіспейді.

Апат орнында Қазақстан азаматтары да бар. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі қазір олардың барлығымен байланыс орнатты. Барлық 17 қазақстандық дін аман. Апат аймағында қалған әйел-бала-шағасынан хабарсыз отырған павлодардық Юрий Кузин де бүгін апат орнындағы отбасымен алғаш рет тілдесті. Қазір оның зайыбы Светлана мен 4 баласы Непал астанасы Катмандудағы Ресей мәдениеті орталығына орналастырылды. Апат ошағынан орыс тілді азаматтарды елге жеткізу үшін Ресей ұшақтары аттанған. Олар әуежай жұмысының қалпына келуін күтуде.

Юрий Кузин:

Светамен өте жылдам сөйлестік. Оның айтуынша, интернет бірде бар, бірде жоқ болып тұр. Түсінгенім - бәрі жақсы. Оларға палаткалар беріпті. Және қарапайым жағдайларды жасаған. Су, тамақ, электр деген сияқты. Енді ұшақтардың келуін күтіп жатыр. 

Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, анықталған қазақстандық азаматтардың саны әлі де толығуы мүмкін. Қазақстан мен Непал арасында дипломатиялық қарым-қатынастың болмауынан, ол жақтағы отандастарымыздың нақты саны белгісіз.