$540.84 €634.46 ₽6.43
×

Шығыс Қазақстан облысының төрт ауданында төтенше жағдай жарияланды

AstanaTV
28.04.2015ж. 20:00
Шығыс Қазақстан облысының төрт ауданында төтенше жағдай жарияланды

Шығыс Қазақстан облысындағы төрт бірдей ауданында төтенше жағдай жарияланды. Бір ғана Зырян ауданында жеті бірдей елді мекен қызыл судың ортасында қалды. Құтқарушылар мыңнан астам адамды қауіпсіз аумаққа көшірді. Оның ішінде 204 бала бар. Зырян қаласының өзі, аралда қалғандай. арнасынан шыққан  Бұқтырма өзені оған баратын жолды шайып кетті. Су басқан аймақтағы мына суреттер әуеден түсірілген. Ернеуінен асқан Бұқтырма өзенінің суы қас-қағым сәтте үйлер мен бау-бақшаны басып қалды. Арыны қатты өзен көпірді де жұлып кетіпті. Қызыл судың ортасында қалып қойған тұрғындарды шұғыл көмекке келген құтқарушылар қайықтармен қауіпсіз аймаққа шығарып алған.

Қазір "Қазавтожол" мамандары өткелдер мәселесін шешудің қамына кіріскен. Жол саласына жауаптылардың сөзіне сенсек, айналма жолды салудың өзіне үш тәуліктей уақыт қажет. Ал әзірше тасқыннан зардап шеккендерге, азық-түлік пен тіршілік нәрі тікұшақпен жеткізілуде. Екі бірдей электр энергиясы тарататын қондырғы судан бүлінгендіктен, бірнеше ауыл  жарықсыз қалды.

Анастасия Вебер, ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің маманы:

Адамдарды  қауіпсіз жерлерге жайғастырдық. Бірқатары туыстарының үйіне, кейбірі мектептерде ашылған арнайы бекеттерге орналастырылды. Сондай-ақ су басқан аулалардағы төрт -түлік  пен құстарда  құтқарылды.  Айта кетейік, 356 үйге су кірген. Бірақ құлаған үй, зардап шеккен адам жоқ.

Су Өскеменнің шет аумақтарына жеткен. Қазір Үлбі өзені қауіп тудырып тұр. Мұнда судың деңгейі 7,5 метрге жеткен. Ернеуіне жетуге бар болғаны жарты метр қалып тұр. Облыста жел күшейеді деп күтілуде. Құтқарушылардың назарында тағы үш аудан тұр. Төтенше жағдай Глубокий, Шемонахинск және Бесқарағай аудандарында жарияланды. Қатон-Қарағайда 86 отбасы эвакуацияланды. Су басқан аулалардан қызыл су  арнайы құрылғылармен сорылып жатыр. Сондай-ақ,  жағалаулардағы  дамбылар көтеріліп, қауіпсіздік күшейтіліп жатыр.