$525.11 €546.74 ₽4.88
×

Оралда сатылатын кейбір тағам өнімдері сапасыз болып шықты

AstanaTV
29.04.2015ж. 10:00
1467
Оралда сатылатын кейбір тағам өнімдері сапасыз болып шықты

Оралда сатылатын кейбір тағам өнімдерінің сапасы күдік туғызады. Әрі Кеден Одағының техникалық талаптары сақталмаған. Бұл туралы Орал қаласы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының мамандары мәлімдеді.

Басқарма өкілдері  сүт және ет өнімдерін, балық пен құс етінен жасалған тағамдарды және арақ-шарапты тексерген. Мұның ішінде Ресей, Беларусь, Молдова, Украина, Испания мен Италия, тіпті АҚШ-тан әкелінген азық-түлік те бар.  89 өнім түрі тексерілсе, соның 77-сінің тиісті талапқа сай еместігі анықталды.

Динара Қазиева, Орал қалалық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы:

Құрамынан ішек таяқшасы табылған белорус ірімшігі көгеріп кеткен. Әрі сүт өнімдерінде болуы тиіс микроағзалар тым аз. Мұндай кемшіліктер өзге де тағам түрлерінде кездеседі. Осыған байланысты қызметінен кінәрат табылған кәсіпорындарға ұйғарым беріліп, өнімдер сауда сөрелерінен алынып тасталды. Ал кәсіпкерлер тасымалдау немесе сақтау кезінде талаптар ескерілмеген деп отыр. Тағам сапасының бұзылуының себебі де осында жатыр дейді.

Виктор Павлов, кәсіпкер:

Ірі сауда орталығы болғасын, сапаға мән береміз. Мерзімі өтіп кеткен жарамсыз тауарларды өзіміз актілеп, арнайы полигонда құртамыз. Ал шағын сауда нүктелері шығынын өтеу үшін осындай заңсыздықтарға барып жататыны жасырын емес.

Еркін КАРИН