$498.55 €524.28 ₽4.75
×

«Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалы ардагерлер қауымын құттықтады

AstanaTV
07.05.2015ж. 20:00
1199
«Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалы ардагерлер қауымын құттықтады

«Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалы ардагерлер қауымын құттықтады. Өңірдегі 242 қарт майдангер бүгін бас партия тарапынан құрметке бөленіп, марапатталды. Айта кету керек, шара саяси ұйымның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында өткізілді.

92 жастағы Мария Курбанова өзін құттықтап келген қауымды барынша сән-салтанатпен қарсы алды. Мерекеге сай киініп, кеудесіне барлық медалін таққан. Ең бастысы, қарт ананың өзін ұмытпай құттықтап келген азаматтарға деген шынайы ықыласы. Айтуынша, Мария әжей соғысқа кеш аттанған. Десе де, қан майданның ызғарын бір кісідей сезінеді. Арнайы әскери-оқыту орталығына түскен 21 жастағы бойжеткен мергендігімен көзге түскен. Карпат аймағында 1945 жылдың 9 мамырына дейін соғысқан.

Сол жылғы Жеңіс мерекесі де қазіргідей жадында. «Қуанғанымыз соншалықты, бәріміз бір-бірімізді құшақтап, жыладық», - деп еске алады майдангер. Соғыстан кейін туған жері Павлодарға оралып, сауда-саттық саласында еңбек еткен. Бақытты ана бүгінде үш баласынан немере-шөбере сүйіп отыр.

Мария Курбанова, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Біздің жауынгерлерді емін-еркін жүргізбеген бір снайперді аңдуға тура келді. Қасымда серігім бар еді, екеуміз үш тәулік бойы орда тығылып отырдық. Бір күні таңертең әлгі снайпердің ағаштан түсіп жатқанын көрдік. Бірден атып түсірдік. Сол оқиғадан кейін алғашқы «Ерлік үшін» медалін алдым.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ