Майдан даласында орындалған әндер Өскеменде шырқалды. Жан тебірентер ескі
әуендерді соғыс және тыл ардагерлері Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Вячеслав
Ткачевпен бірге айтты.
Осы әндер соғыс жылдары жауынгерлерді қиындыққа қасқайып қарсы тұруға
үйретті. Қамыққан сәттерде олардың жанына демеу болды. Ал сырнай ұрыс
даласындағы сарбаздардың жан серігіне айналды деуге әбден болады. Сарбаздар, кескілескен соғыс бір ауық тоқтаған сәтте, туған жерін, жақын жуықтарын еске алып, ән айтып, сағыныштарын басатын. Бүгінгі фестиваль
ескі де болса, есті әндерді тыңдауға мүмкіндік берді. Мұнда соғыс
тақырыбындағы баршаға белгілі әндер тегіс айтылды.
Тоқан Шайжүнісов, фестиваль
ұйымдастырушысы:
Біз ешқашан бұл әндерді ұмытпаймыз. Ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, екінші дүниежүзілік соғыс жер бетінде бейбітшілік орнату үшін
болғанын түсіндіріп, тыныштықтың қадірін ұғындыруымыз керек.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ