Ұлттық
қордан жекеменшік құрылысшыларға 97 млрд теңге 2 жылға қайтарыммен беріледі.
Бұл - тұрғын үй құрылыс саласын ынталандыруға бөлінген қаржының 20 пайызы. Мұны
«Астана» телеарнасына эксклюзивті сұхбат берген «Самұрық-қазына» ұлттық
әл-ауқат қорының басқарушы директоры Нұрлан Рахметов айтты. Әрі талап та
біршама қатайтылған екен.
Нұрлан Рахметов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы
директоры:
Біріншіден,
жекеменшік құрылысшы 20 пайызға инвестициялық жеке ақшасын салу міндет. Яғни тәуекелге баруы тиіс. Ал біздікі - 80
пайыз. Бұдан бөлек компанияның инфрақұрылымы толық жүргізілген жері, құрылыс
есеп-қисабы жасалған құжаттары және банк кепілдігі қолында болуы керек. Осындай
талаптар енгізілген.
Ал
шарт бойынша құрылыс компаниясы алған қаржыны 2 жыл ішінде игеріп, оны кері
қайтаруы тиіс. Себебі 97 млрд теңгені «Самұрық-Қазына» 10 немесе 20 жылға 0,1
пайыздық үстемемен Ұлттық қордан алмақ. Нұрлан Рахметовтың айтуынша, бұл әзірге
нақты сандар емес. Бағдарлама келер айдан бастап мемлекеттік-жекеменшік
әріптестік негізінде басталып кетуі тиіс екен.
Құралай ПИОНЕР