Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Сауд Арабиясының кәсіпкерлері қазақ бидайын экспорттауға жеңілдіктер сұрады

AstanaTV
13.05.2015ж. 20:00
1307
Сауд Арабиясының кәсіпкерлері қазақ бидайын экспорттауға жеңілдіктер сұрады

Қазақстан мен Сауд Арабиясы сауда-экономикалық әлеуетін арттырып, тауар айналымын арттыра түспек. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан және Сауд Арабиясы елдерінің бизнес форумында айтылды. Арабтар біздегі химия, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы сынды күретамыр салаларға инвестиция құюға дайын. Жиынды ашқан Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев инфрақұрылымға деген инвестиция көлемін арттыру қажеттігін атап өтті. 

Дәстүрлі киімдерін бір тастамайтын Сауд Арабиясы азаматтарының қазақ экономикасына деген қызығушылығы сезіледі. Дәулетті елдің іскерлері Қазақстанға қаржы құйып, пайдасын еселеп өндіргісі бар. Эр-Риядтан 120-дан астам кәсіпкер келді. Қызыққан салалары - химия, мұнай химиясы, тау-кен, металлургия, фармацевтика, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі. Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев жол, энергетикалық, көлік сынды инфрақұрылымдарға да қаржы қажеттігін атап өтті.

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Қазақстан Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Егер бұған дейін сіздер 17 млн халық бар нарықпен жұмыс істесеңіздер, қазір Қазақстанға инвестиция құю арқылы сіздерге 170 млн халқы бар нарыққа жол ашылады. Яғни осында бизнес құру арқылы Ресей мен Белоруссияға да шыға аласыздар. Біз Сауд Арабиясы кәсіпкерлерімен қаржыландыру мүмкіндігі болатын Ислам банкі немесе Ислам қорын құру жөнінде жұмыс жүргіземіз.

Тауфик Әл-Рабия, Сауд Арабиясы Корольдігі сауда және индустрия министрі:

Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы экономикасы дамыған ең ірі мемлекет ретінде танимыз. Бізге сауда-инвестициялық қарым-қатынасымызды дамыта түсу керек. Қазақстанда инвесторларға жеңілдіктер жасалатынын көріп отырмыз. Бірақ екі ел арасындағы тауар айналымы өте төмен. Оны арттыру керек. Екі ел арасында көптеген келісімдерге қол қойылған. Оның арасында қосарланған салықтан босату келісімі де бар. Біз бүгін мемлекеттеріміздің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсуге келдік.

Корольдік қазақ бидайына да қызықты. Бірақ жайлылыққа дағдыланып қалған араб бай-манаптары Қазақстанға сатылап жетуге қиналады екен. Сондықтан олар екі ел арасында тура қатынайтын әуе бағытын дамытуды сұрады.

Абдулрахман Әл-Замил, Сауд Арабиясы сауда палатасы кеңесінің төрағасы:

Биыл біз екі мәселеге назар аударуымыз керек. Біріншіден, қазақ бидайын Сауд Арабиясына экспорттау үшін, жеңілдіктер қарастыру керек. Өйткені Қазақстан бидайының сапасы өте жоғары. Сондықтан осы сұраққа қатысты қиындықтар бұдан артық туындамайды деп үміттенемін. Екіншіден, біз химия және мұнай химиясы салаларындағы әріптестікті дамытамыз. Жеке кәсіпкерлікті де алға бастыру бойынша жоспарларымыз бар. Сондықтан  екі ел арасында авиациялық бағыттарды арттыру мәселесі өзекті. Яғни Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында тура ұшатын әуе бағыттарын жетілдіру керек.

Араб инвесторлары баламалы энергетика көздерін алға бастыратын жобаларды да демеуге ынталы. Жел стансасын жобалап, жүзеге асыруға тиын таппай жүрген кәсіпкер Марат Қамбаров идеясына инвестиция тартуға мүдделі. Біз шығаратын жел турбинасы бағасы да арзан, әрі электр энергиясын 20 пайызға артық береді деген есеп-қисаптары түгел.

Марат Қамбаров, баламалы жел энергетикасын өндіруші компанияның бас директоры:

Осында үш бизнесмен келіпті. Олар тек қана баламалы энергетика дейді, жаңартылатын эгергетика саласына инвестиция салмақ. Үш жобамыз бар. Қазақстанның желдеріне арналған жел турбинасы деп, сонымен 3-4 жылдан бері жүрміз, Қазақстаннан аса инвестор табылмайды. 

«Kaznex invest» компаниясының таратқан ақпарына сүйенсек, бізге Сауд Арабиясынан келген тікелей инвестициялар ауқымы 84,9 млн долларға жеткен. Бұл 2005-2014 жылдар аралығындағы көрсеткіш. Ал өткен жылғы тауар айналымы 13,4 млн долларды құрады. Қос тарап алда бұл сандарды еселеп арттыруға мүдделі.

Айгүл ӘДЕПБАЙ