$474.83 €515.38 ₽5.5
×

Республика бойынша қырылған киіктің ресми саны 90 мыңға жуықтады

AstanaTV
25.05.2015ж. 20:00
829
Республика бойынша қырылған киіктің ресми саны 90 мыңға жуықтады

Республика бойынша қырылған киіктің ресми саны 90 мыңға жуықтады. Ақбөкендердің ең көп шығыны тіркелген Қостанай облысында 82 мыңға жуық ұша жойылды. 22 мамырда тіркелген дерек бойынша, Ақтөбе облысында 3092 киік жер жастанған. 

Арам өлген дала жануарларының саны аталған көрсеткіштен көп болуы мүмкін. Себебі Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті санақты нақты өртеніп, көмілген өлекселер бойынша жүргізуде. Министрлік таратқан хабарламада, осы екі өңірде өткен аптаның соңынан бастап киіктердің қырылу фактісі тіркелмеді, делінеді.

Есесіне, Ақмола облысында қырылған киік саны 4293-ке жетті. Министрлікте жаппай қырылудың ресми себебі ретінде әзірге пастереллез ауруын алға тартуда. Анығына жету үшін қазір Ақмола облысына Ұлыбританиядан Корольдік ветеринария колледжі, Франкфурт зоологиялық қоғамы және Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауыл шаруашылық және азық-түлік ұйымы мамандары зерттеу жүргізуде. Шетелдік мамандар жұмысының қорытындысы қашан жарияланатыны белгісіз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ