$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Бүгінгі балалар мерекесіне орай жетімдер де ескерусіз қалмады

AstanaTV
01.06.2015ж. 20:00
2244
Бүгінгі балалар мерекесіне орай жетімдер де ескерусіз қалмады

Қазақстандағы жетім балалардың әрбір екіншісінен ата-аналары саналы түрде бас тартқан. Мұндай деректі ата-ана камқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс істейтін мамандар мәлімдеді. Елімізде 32 мыңнан астам жетім тіркелген. Бүгінгі Халықаралық балалар мерекесіне орай әке-шешенің аялы алқанына зәру жандар назардан тыс қалмады. «Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық» жобасы Қазақстанның барлық аймағында осындай бүлдіршіндерді әлеуметтік бейімдеуге ерекше назар аударып отыр. 

Алматыдағы мына кәмелетке толмағандарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ешқашан бос қалған емес. Қазір де бұл жерде 40-тан астам бала тәрбиеленуде. Ең кішісі небәрі 2 жаста. Арман да жақында осы бейімдеу мекемесінің тұрғыны атанды. Оның ата-анасы тірі болса да, жәутең көз бүлдіршін мемлекет қамқорлығындағы уақытша баспанада күн кешуге мәжбүр.

Ләззат Жаманқұлова, психолог:

Баланың біздің орталыққа келгеніне 2 ай болды. Анасы араққа салынып кеткендіктен, баланы үйінен барып алып кеттік. Екі айдан бері анасы өткенде бірінші рет келді. Бірақ сот оның ата-аналық құқығына 6 айға шектеу қойып отыр.

Арманды әлеуметтік бейімдеу орталығының мамандары үш айдан артық ұстай алмайды. Егер оның шешесі өмір сүру салтын өзгертіп, сәбиді кері қайтарып алмаса, балалар үйіне жөнелтіледі. Қазір орталық мамандары оның құжаттарын рәсімдеп жатыр. Жалпы, бұл жерден жыл сайын 1500-ге жуық бала уақытша мекен табады.

Мақсат Несіпбаев, Алматы қалалық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директорының орынбасары:

Ережеге сәйкес бұл жерде қаңғыбастыққа салынған балалар, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар және тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың балаларын біз қабылдап, өмірге ары қарай бағыт-бағдар беріп жібереміз.

Бүгінгі балалар құқығын қорғау күніне орай жетімдердің ешқайсысы ұмыт қалмайды. Мемлекет саясаты осындай. «Нұр Отан» партиясы да арнайы бағдарлама қабылдап, қамқоршысы жоқ жандарды әлеуметтік қолдауда жүйелі іс жүргізіп келеді.

Сахыш Қазытайқызы, «Нұр Отан» партиясы Түркісіб ауданы филиалы төрағасының орынбасары:

Ерекше күтімді қажет ететін отбасылар мен олардың балалары баршылық. Сондықтан біз оларды ұмытпауға тырысамыз. Бүгінгідей мереке кезінде ғана оларға көмек көрсетіліп, сосын қараусыз қалады деген сөз емес. Олар жыл бойы біздің назарымызда.

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Нұр Отан» партиясының өкілдері отбасылық тұрпаттағы балалар үйінде меркелік шара ұйымдастырды. Партия өкілдері жетім балаларға мектепке қажетті оқу құралдарын сыйға тартты.

Артур Молдағұлов, «Нұр Отан» партиясының СҚО филиалы төрағасының орынбасары:

«Бақытта балалар» жобасының аясында облыс аумағында түрлі мерекелік бағдарламалар жоспары құрылды. Оның ішінде жазғы демалыста лагерлер ұйымдастыру, емдеу-сауықтыру кешендеріне жіберу және өзге де демалыс түрлері бар. Балалардың жаңа оқу жылына әсерлі оралуы үшін жасалып отыр осының бәрі.

Ал шығыста мереке құрметіне орай «Мен табиғат аясындағы демалысты сүйемін» атты байқаудың қорытындысы жария болды. Сайысқа екі айдың ішінде 700-ге жуық көркем өнер туындылары келіп түскен. Ақтық мәреде 12 бүлдіршін жеңімпаздар қатарынан табылды.

Екатерина Асанова, байқауға қатысушы:

Мен қаладан ауылға кетіп бара жатқан көлікті қағаз бетіне түсірдім. Ал оның жоғарғы жағындағы - ұшақ. Аспанды көк түске боямадым. Себебі мен таңдап алған қағаз аспан түстес болатын. Бірақ сурет салу үшін менде кейбір бояу болмады. Мен ол үшін түк те ренжіген жоқпын.

Партияның пәрменімен балалар үйінде тәрбиеленетін жасөспірімдер мен бүлдіршіндер саны 28 пайызға қысқарған. Оларды отбасылардың асырап алуына заңнамалық жағынан жағдайлар жасалып жатыр. Бүгін Алматыдағы бейімдеу орталығында бүлдіршіндерге арнап концерт қойылды. Артынан спорт жарыстары ұйымдастырылып, мерекелік дастархан жайылды. Ал 17 жасына дейін туу туралы куәлік алмаған Әлібек Рахманов есімді бозбалаға орталық мамандары төлқұжат тапсырды.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ