$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Шымкентте адамдар арасындағы достықты негізге алған мультфильмнің тұсауы кесілді

AstanaTV
01.06.2015ж. 20:00
1603
Шымкентте адамдар арасындағы достықты негізге алған мультфильмнің тұсауы кесілді

Шымкентте де балаларға базарлық жасалды. Бүгін «Біз соққан достық үйі» атты анимациялық фильмнің тұсауы кесілді. 

Аниматорлардың айтуынша, отансүйгіштік қасиетті дәріптеген мультфильмнің өскелең ұрпаққа айтар ойы, берер тәлім-тәрбиесі зор. Онда көп ұлттың бiрлiгi мен ынтымақтастығы көрсетіледі. Әсіресе достық қарым-қатынас кеңінен сипатталған. Қазақ елін мекендеген ұлттар мен ұлыстар ұландарының қолымен тұрғызған ортақ үйі «Достық» деп аталады. Татулық бар жерде ешкім достыққа іріткі сала алмайтыны бала көзқарасымен сәтті суреттелген.

Керімбек Ниязбеков, аниматор:

Бұл жоба көптен бері ойда жүрген жоба еді. Себебі Қазақстанда көп ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Соның арқасында Қазақстанның бүгінгі осындай шыңға шығып жатқаны, өркениетті елдердің қатарына қосылып жатқаны - осы ұлтаралық татулық, бейбітшілік.

Он минуттық мультфильм «3D» форматында жасалған. Елуге тарта маман бес айға жуық тер төгіпті. Олардың қатарында оқушылар да бар. Айта кетейік, мультфильм облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының тапсырысымен әзірленді. Авторлар балаларды қорғау күніне арнайы танытып отырғандарын айтады. Туындыға қазынадан 5 млн теңге қаржы бөлініпті. 

Берік Құрманғали, Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы:

Негізгі біздің мақсатымыз - осы анимациялық фильм арқылы балаларды отансүйгіштікке, мемлекеттік тілді құрметтеуге, ынтымаққа шақыру болатын. Енді ол өз үдесінен шығып жатыр деп ойлаймыз. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ