$498.55 €524.28 ₽4.75
×

«Байтерек» ғарыштық кешені 2021 жылы салынатын болды

AstanaTV
02.06.2015ж. 20:00
1687
«Байтерек» ғарыштық кешені 2021 жылы салынатын болды

«Байтерек» ғарыштық кешені 2021 жылы салынады. Қазақстан және Ресей үкіметтері осындай келісім жасасты. Екі елдің делегациясы бүгін алпыс жылдық мерейтойын тойлап жатқан Байқоңырда бас қосты. Ғарыш кешенінің бүгіні мен болашағы туралы әріптесім Шарипа Сақтапова тарқатып айтады. 

Байқоңыр ғарыш айлағының мерейтойына арнайы келген қонақтардың арасында ғарыш зымырандарының техникасын құрастырған Сергей Королевтың қызы Наталья да бар. Жасы сексенге жеткен медицина ғылымдарының докторы, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, әкесінің сол кезде-ақ бұл ғарыш айлағының болашағына сенгенін айтады.

Наталья Королева, академик С.Королевтың қызы:

Әкем мен болашақ академик Черток 1955 жылы алғаш рет осында келгенде, Черток шөл даланы көріп шошыған көрінеді. Ол әкеме: «Сергей, бұл жерде бір нәрсе жасау мүмкін емес қой, мынау шөлдала»,- деген. Сонда әкем: «Жоқ, бұл жердің болашағы керемет болады және ол ғажап аз уақытта орындалады», - депті. Міне, әкемнің айтқаны дәл келді.

Мерекелік шаралар қаладағы орталық стадионда жалғасын тапты. Ғарыш айлағының бірқатар ардагерлеріне «Байқоныр қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Жиналғандар эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалады.

Осыдан 60 жыл бұрын біреулер үшін орындалмас арман болған жоба бүгінде дүние жүзінде ерекше статусы бар орталыққа айналған. Осы Байқонырдан алғашқы жер серігі ұшырылып, тұңғыш рет адам ғарышқа аттанды. Бүгінде мұнда Қазақстан мен Ресей азаматтары бірлік-берекеде өмір сүруде.

Жансая Орынбай, Байқоныр қаласының тұрғыны:

Орыс, қазақ, өзбек деп бөлінбей, бірлігіміз жарасқан қала бола беруімізге тілектеспін.

Мерейтолық той-думан барысында ресми кездесулер де болды. Екі елдің үкіметтік комиссиясы дөңгелек үстелде бас қосып, «Байтерек» кешені болашағын сөз етті. Бүгін оның құрылысының мерзімі белгіленді.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Қазіргі көтеріліп отырған мәселе - ол жаңа типтегі «Ангара». Оның базасында осы «Байтеректі» жасауға. Соған байланысты біздің келісіміміз - 2021 жылға дейін біз Ресей тарапымен бірге осы «Байтеректің» жұмысын жіберу үшін іс-шаралар жасауымыз керек. Оның ішінде қажетті құжаттар дайындау, біздің мамандарды дайындау. Яғни 2021 жылы осы «Байтеректің» құрылысы басталған кезде, оған қазақстандық мамандар дайын болады. Осы келісімге келдік.

Кездесуде тағы бір нәтижеге қол жеткізілді. Ғарышқа қазақ елінің ғарышкерін ұшыру мәселесі де оң шешімін тапқан сияқты. Вице-премьер Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бүгін қазақ ғарышкерінің келешек сапарына қатысты техникалық құжаттар талқыланды. Енді үміткердің нақты қашан ғарышқа жол тартатынын ресейлік тарап шешетінін айтты. Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап Байқонырдағы алты мектеп пен бір балабақша Қазақстанның қарамағына түгелдей өтіп, еліміздің оқу стандартына көшпек.

Шарипа САҚТАПОВА