$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Министрлер Мәжіліс төрағасының ашу-ызасын туғызды

AstanaTV
03.06.2015ж. 20:00
1199
Министрлер Мәжіліс төрағасының ашу-ызасын туғызды

Министрлер кабинеті Мәжіліс төрағасының ашуына тиді. Қабиболла Жақыпов 2014 жылғы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беруге келген министрлерді мәжіліс залынан қуып, бюджет мәселесін күн тәртібінен алып тастауға шақ қалды. Депутаттар шенеуніктердің қазына қаржысына салғырт қарайтынына қапалы. Олар бюджет қаржысының жыл сайын игерілмей қалуын доғару керек дейді. Әсіресе ұлттық компанияларға шүйліккен мәжілісмендердің қарқыны қатты.

Республикалық бюджеттің атқарылуы дегенде орындалмау, игерілмеу, сапасыз жоспарлау сөздерінің қатар айтылуы заңдылыққа айналып бара жатқандай. Жыл сайын қайталанатын үрдісті айта-айта, депутаттардың да жағы талған сияқты. Сол себепті олар бюджетті жоспарлау процесінде дербес жауапкершілікті заң жүзінде енгізіп, миллиардтарды игермей жатқандарға шара қолданатын кез жетті деп ашынды. Өйткені екі рет нақтыланып, бірнеше рет түзелген бюджеттің толық көлемде орындалмауы халық қалаулыларының наразылығын тудырды.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

2014 жылдың республикалық бюджет теңгерімді атқарылды. Шамамен 6 трлн теңге түсімдер, 7,1 трлн теңге шығыстар және 1,1 трлн теңге тапшылық.

Министрдің бұл есебі депутаттардың көңілінен мүлде шықпаған сыңайлы. Бюджеттің тиісті деңгейде орындалмағанына реніш білдірмеген халық қалаулысы кемде кем.

Жылда айтылады. Тиімділік, уақытылы игеру.

32 млрд не освоено. 

Кемшіліктер жылда қайталанады.

Доходы и расходы бюджета не исполнены. У правительства была возможность скорректировать объемы и обеспечить полное освоение средств, однако этого не достигнуто.

Депутаттардың айтуынша, бюджет қаржысын тиімді жұсауға немқұрайды қарау әсіресе Инвестициялар және даму министрлігінде байқалады. Яғни 13 млдр тг игерілмеген. Екінші орында Ұлттық экономика министрлігі - 5,6 млдр тг. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі - 3,3 млрд тг. Ішкі істер министрілігі 3 млдр теңгеден астам қаржыны кәдеге жаратпаған. Ал  Ауыл шаруашылығы министрлігі 1,3 млрд теңгені ұқсата алмапты. Қыруар қаржыны игере алмағанына қарамастан, министрлердің мәжіліс залында емін-еркін жүруі төменгі палата төрағасының ашуына тиді.

Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Сағынтаев мырза, қарап отырсам, кейбіреулер емін-еркін кіріп-шығып жүр. Мүмкін мына сұрақты күн тәртібінен алып тастап, сіздерді басқа шаруаларыңызға жіберерміз? Досаев қайда кетіп қалды? Бұл не деген жауапсыздық? Депутаттар дұрыс айтады. Жыл сайын бір сұрақ қайталанады. Тәртіп орнататын кез келген шығар. Игерілмей қалған қаржы үшін министрлерден, ұлттық компаниялардан жауап алу керек. Біз игермей жатқан сомма кейбір Азия елдері бюджетінің жартысын құрайды.

Депутаттар атқарылмай жатқан инвестициялық жобаларға да шүйлікті. Айткүл Самақованың мәліметі бойынша, 2014 жылы 81 республикалық инвестициялық жоба аяқталуы тиіс екен. Бірақ оның 68-і ғана іске қосылған. 8 млрд-тан астам теңге игерілмеді. Аймақтарда 117 жоба аяқталмай, нәтижесінде 2,2 млрд тг игерусіз қалды.

Нұртай Сабилянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Кей жобалар театрдағы спектакльдер сияқты, ашылады да - қол шапалақтап, қайта жабылып қалады. Алдау, былай қарағанда.

Бөлінген қаржысын игере алмағанымен қоймай, сыртқы қарыз көлемін арттырып отырған квазимемлекеттік сектордағы компаниялар да депутаттардың назарында. Әсіресе «Самұрық-Қазына» ұлттық әл ауқат қорының қаржысын бақылауға алмасақ, ақша тиімсіз жұмсала береді, - деп отыр депутаттар.

157 млд доллар сыртқы қарыз. Оның 88 пайызы квазимемлекетік сектор алған қарыз.

16,6 трлн активі бар екен, 8,1 трлн капиталы бар. Содан неге дивидент ала алмай отырмыз? 

Ал Мұхтар Тінекеевтің айтуынша, ұлттық компаниялар бюджет қаражатын қызметкерлерінің спорт залға баруына жұмсап, ысырап қылып отыр. 


Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Бахытжан Әбдірұлы, сіз болдыңыз ба «Самұрық-Қазынада»? Ол жерде кеше ғана оқуын бітіріп келген «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен жақын туыстары жұмыс істейді. Олар 1,5 млн теңге жалақы алып отыр. Бірақ компания олардың бассейндері мен спорт залдарының шығынын төлеп береді. Президент тапсырма берген жоқ па, ондай сапасыз қызметкерлер санын қысқартыңдар деп.

Бар шерін тарқатып алған депуттаттар бюджетті жоспарлайтын органдардың жауапкершілігін арттырып, дербес жауапкершілікті заңды түрде енгізу керек деген ұсыныс айтты.

Өзіңіз жауап берер ме едіңіз, дербес жауапкершілік енгізсе егер? - Әрине. -Дайынсыз, иә, жауап беруге? - Ол менің жұмысым.

Өкпе-назын жарыса білдіріп жатса да, қаулы қабылдауға келгенде, депуттаттар әдеттегідей ауызбіршілік танытып, қаулыны бір ауыздан мақұлдады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ