$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Әскерилер Мемлекеттік рәміздер күнін тойлауды бастап кетті

AstanaTV
03.06.2015ж. 20:00
1851
Әскерилер Мемлекеттік рәміздер күнін тойлауды бастап кетті

Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Елордада Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшылығы басқармасының офицерлеріне арналған мерекелік жиын өтті. Кездесуге Мемлекеттік Елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібеков қатысты. Шара Мемлекеттiк рәмiздерге деген құрметті қалыптастыруға, оның мәнi мен маңызын білуге бағытталған. Астана қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Мемлекеттік рәміздерді насихаттау семинарлары аясында осындай кездесулер қаладағы барлық мекемелерде өткізілмек.

Жиын барысында Жандарбек Мәлібеков сөз алып, Мемлекеттiк Елтаңбаның жасалу тарихы туралы әңгiмеледі. Таңбаның суретін салып тұрып, оның композициялық құрылымының мәнiн толық сипаттады. Басқарманың баспасөз қызметі атап өткендей, мұндай шараны Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшылығының аймақтық органдарында өткізу жоспарланған. Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда бекітілді. Содан бері бұл күн Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып келеді.

Әділ Қозыбағаров, әуе қорғанысы күштері бас қолбасшылығының идеология және арнайы насихат жөніндегі аға офицері, подполковник:

Іс-шараның басты мақсаты - халқымызға, жеке құрамға мемлекеттік рәміздердің қасиетін, қадірін түсіндіру. Осы мереке елеусіз қалмасын деген мақсатта, бүгін Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібекұлын осында шақырып, халықпен кездестіріп, өз аузынан осы мемлекеттік рәміздің тарихын тыңдасақ деген жоспарымыз бар.

Берік ХАСЕНОВ