$474.72 €515.17 ₽5.58
×

«Travelsystem» компаниясы арқылы шет елге демалуға барғандардың арасында 160 азаматтың тағдыры әлі белгісіз

AstanaTV
05.06.2015ж. 20:00
1169
«Travelsystem» компаниясы арқылы шет елге демалуға барғандардың арасында 160 азаматтың тағдыры әлі белгісіз

Қазақстандық туроператорлар қауымдастығы Түркияға демалуға кетіп, аяқ астынан қиындыққа ұшыраған отандастарымыздың 160-ынан мардымды ақпарат ала алмай отыр. Яғни олардың шетелдегі жағдайы туралы қандай да бір мәлімет жоқ. Елді тақырға отырғызған «Travelsystem» туристік агенттігінің клиенттері болып табылатын бұл азаматтар да қонақ үйлерден шығарылып тасталған 700 туристің қатарына кіреді.

Қазақстанның жауапты мемлекеттік органдары жапа шеккен демалушылардың мәселесін біртіндеп шешіп жатыр. Ал өздерінің бүгінгі жағдайы туралы хабар бермегендер іздестірілетін болады,- дейді қауымдастық өкілдері.

Денис Кривошеев, Қазақстан туристік агенттіктер қауымдастығының ресми өкілі:

Қазір барлығы 1400 адам Түркияда демалысын жалғастырып жатыр. Бізді соның ішінде 160 адамның тағдыры алаңдатады. Себебі олардың мәселесі шешілмеген. Біз қазір бұл азаматтарды да қонақ үйлерге орналастыру үшін Түркиядағы өкілдермен сөйлесіп жатырмыз. Туристердің өз бетімен бұл мәселелерді шешуі қиын. Сондықтан олар біздің агенттермен байланыста болғаны жөн деп кеңес береміз.

Теңіз жағалауына демаламын деп барып, өзге елде тентіреп қалған туристердің алды кеше кешкісін Алматыға келе бастады. «Эйр-Астананың» Анталия-Алматы бағытындағы әуе рейсі мегаполис әуежайына келіп қонды. Жолаушылар арасында «Travelsystem» туроператорынан опық жеген екі турист бар. Жолаушылар елге жетісімен «уайым-қайғы сейілді» дейді.

Амина Ашуева, саяхатшы:

Ол жақта қаншама адам паналайтын жер таппай, қаңғырып жүр. Арасында балалар бар. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ. Бізде жолдаманы «Travelsystem» компаниясынан алғанбыз. Демалыс уақытымыздың аяқталарына екі күн қалғанда, қонақ үйден шығарып тастады. Өз қалтамыздан қаражат қарастырып, бір күн түнеп шықтық.

Естеріңізге сала кетейік, «Travelsystem» туроператоры өзінің банкротқа ұшырағанын ресми сайтында жария етті. Қонақ үйдің ақысы мен кері қайтатын билет бағасы төленбегендіктен, Түркияда мыңға жуық саяхатшы далада қалды. Қазір мәселені тездетіп шешуге құзырлы органдар жұмылдырылған.

Айгүл ЕРМАХАН