«SCAT» әуе компаниясы Анталия жерінде қиындыққа тап болған туристерді елге
тегін жеткізуге уәде беріп отыр. «Біздің әуе компанияның рейстерімен барған
жолаушылардың ешбірі далада қалмайды», - деді «SCAT» компаниясының PR-менеджері
Виктория Ульянова телефон арқылы берген сұхбатында.
Виктория Ульянова, «SCAT» әуе компаниясы көпшілікпен байланыс бөлімінің
басшысы:
Біз өз жолаушыларымызды міндетті түрде елге жеткіземіз. Қазір нарықта
туындаған қиындыққа байланысты «Travеlsystem» туристік компаниясының
саяхатшыларына «SCAT» әуе компаниясы қол ұшын созуға әзір. Тек бір ескеретіні - бүгін 5 маусым күні ұшып шығатын коммерциялық ұшақтарда негізгі
жолаушыларымызды тіркеу аяқталған соң, демалушыларды бос орындар санына қарай
жайғастырамыз.
Айта кетейік, «SCAT» әуе компаниясы өткен жылы да осындай қиындық туындаған
тұста отандастарымызға қол ұшын созған. Ол кезде атышулы «Гүлнар тур»
компаниясының клиенттерін елге алып қайтып еді. «Бірақ шығынға ұшырадық, 40 млн
607 мың теңгедей қаржы әлі күнге өндірілген жоқ», - деді Виктория Ульянова.
«Travelsystem» туристік компаниясынан жолдама алғандар арасында Оңтүстік
Қазақстан облысының тұрғындары да бар. Аймақтағы кәсіпкерлік,
индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының өкілдері, дәл қазір бір
ғана оңтүстік өңірінен барған 54 саяхатшы түрік жерінде елге жете алмай
жүргенін, мәлімдеп отыр.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ