Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қостанай тұрғындары жергілікті биліктен қолдау сұрайды

AstanaTV
05.06.2015ж. 20:00
1461
Қостанай тұрғындары жергілікті биліктен қолдау сұрайды

Қостанай қаласындағы Абай көшесінің бір топ тұрғындары тұйық көшенің бас жағындағы жер телімінің жеке үй салуға берілгеніне наразы. Олар осының салдарынан сол маңайдағы темір жолды бойлап тар соқпақпен қатынауға мәжбүр. Тар жолда тарығып жүрген тұрғындармен Заңғар Санай тілдесіп қайтты. 

Абдолла ақсақал қала шетіне 4 жыл бұрын үй салып, қоныс тепкен. Кейін көршілермен бірігіп қаражат жинап, тұйық көшеге қатынайтын қара жолды жөнге келтіріпті. Сол жолмен енді өзіміз жүре алмай, қиналып қалдық, - дейді қария.

Абдолла Жанғабылов:

Плитаны қойып қойған мынау араға. Келген такси бұрылып кетті, маған ғана емес, мындағы 25 үйге келеді ғой, жедел жәрдем келеді. Осы арада көбі ветерандар тұрады. Балалары қалада тұрады. Ал олар ауырып қалса, ертең бірдеңе болып қалса, аһ ұрып, өкінеміз ғой. Сондықтан бұл мәселені дұрыстап қарау керек.

Көлік жолды тұйықтап тастаған қоршау бір ай бұрын пайда болды, - дейді тұрғындар. Енді олар бұл мәселенің тез арада шешілуін талап етіп отыр. Өйткені қазіргі қатынап жүрген жолдың бойынан темір жол мен газ құбыры өтіп жатқан көрінеді.

Ильхам Пашаев:

Жолдың бойында темір жол мен газ құбыры өтіп жатыр. Тіпті ара қашықтығы 3 метрге де жетпейді. Бұл дегеніңіз қауіпті ғой.

Мәселенің мәнісін білу үшін, қалалық әкімдікке хабарластық. Билік өкілдері жер телімі заң шеңберінде берілген деп отыр. Алайда кадастрлық электрондық картаның болмауына байланысты, жер аумағы көлік жолына қарай ығысып кеткен көрінеді. Сондықтан бұл мәселе тез арада оңтайлы шешімін табады, тұрғындардың талабы орындалады, - дейді шенеуніктер.

Самат Жанділдин, Қостанай қаласы әкімінің бас инспекторы:

Осы аталған азаматтың әрі қарай қала аумағында тұрғын үй құрылысын жүргізу құқығын іске асыру үшін, қала аумағындағы басқа жерден жер телімін беру мәселесі қарастырылып жатыр.

Тұрғындар билік өкілдері уәдесінде тұрады деп үміттенеді. Осылайша тұйықта қалған көпшілік көлік жолына қайта қол жеткізетін күннің алыс еместігінен де дәмелі. Тек ол күннің қашан туатынын бас инспектор Самат Жанділдин нақтыламады.

Заңғар САНАЙ